Transparency International деген рейтинг әлем елдеріндегі жемқорлық пен парақорлық бойынша тізім жасады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан осы рейтингте 180 елдің ішінде 88 орынға жайғасыпты. Бұл – тарихи көрсеткіш. Бұған дейін еліміз мұндай нәтиже көрсеткен емес.
Былтырғы көрсеткіш бойынша Қазақстан 40 ұпай қосыпты. Ал әлем бойынша орташа ұпайдың 43 екенін ескерсек, еліміз сыбайлас жемқорлықпен күресте айқын нәтиже көрсеткенін аңғару қиын емес.
Салыстырмалы түрде 2016 жылдан бері Қазақстан 11 ұпайға алға жылжыған. Орталық Азияда ешбір мемлекет дәл біз секілді нәтиже көрсетпепті. Бұл да өзінше бір жетістік.
Еліміздің мұндай деңгейге көтерілуінің себебі неде? Бұл сұраққа заңгер Ляззат Ахатова жауап берді.
Біріншіден, жемқорлықпен күресте жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесі деп білемін. Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметі цифрландыру жұмысы қарқынды алға жылжыды. Бұрын ұзын-сонар кезек күтіп, ЦОН жағалайтын дәурен артта қалды десек болады. Көп жұмысты үйден шықпай-ақ, ноутбуктың басында отырып тындыруға мүмкіндік бар.
"Жақында ағайындас бір інім жүргізуші куәлігін тапсырған. Расын айту керек, теориялық сабақты оқыды. Емтиханын да өзі тапсырды. Интернетте сұрақтардың базасы толып тұр ғой. Еш қиналған жоқ. Мәселе практикалық емтиханды тапсыруда туындады. «Қиын емес, ары кетсе қасымдағы инструкторға тиын беріп шешіп кетем» деп автоцонға кеткен. Өте алмады. Сөйтіп, бірнеше рет дайындалып, әупірімдеп жүріп алды ғой", - деп жазды заңгер.
Қазір автоцондар толықтай цифрланған. Бұрынғыдай қасыңда ешкім қадағалап, қателікті жазып отырмайды. Бәрін компьютер анықтайды. Біреуге пара беріп, жүргізуші куәлігін алу қиындаған. Осындай мысалдар жемқорлықпен, парақорлықпен күресте жетерлік.
"Иә, жемқорлықты жеңдік деп айтуға әлі ерте. Түзейтін, адамның қатысын барынша азайтатын салалар бар. Бірақ осылай-осылай Финляндия мен Норвегия секілді барынша ашық қоғам құруға қол жеткіземіз", - деп қорытындылады.