Қоғам

Көзге көрінбейтін өлім: Ел халқының өмірін қысқартып жатқан PM2.5 бөлшектері

Адам көзіне көрінбейтін, бірақ тыныс алған сайын өкпеге еніп, қан арқылы бүкіл ағзаға таралатын ұсақ бөлшектер бүгінде әлем жұртын алаңдатып отырған экологиялық дағдарыстың басты себепшілерінің бірі. Ғалымдар соңғы онжылдықта диаметрі небәрі 2,5 микрометрден аспайтын PM2.5 бөлшектерінің адам денсаулығына қауіптілігі жөнінде жиі дабыл қаға бастады. Бұл бөлшектер жүрек-қан тамырлары ауруларына, өкпенің созылмалы сырқаттарына себепші болып қана қоймай, мезгілсіз өлімге әкелуі де мүмкін. Қазір әлем бойынша саяси және қоғамдық талқылауларда бұл күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге айналып отыр. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда әлем халқының 90 пайыздан астамы PM2.5 деңгейі қауіпсіз нормадан асып кеткен аймақтарда өмір сүріп жатыр. Қытай, Үндістан, Пәкістан сияқты елдерде бұл мәселе аса өзекті. Алайда Орталық Азия елдерінде бұл қауіп назардан тыс қалып отыр. Сарапшылар мұны экология мен денсаулық арасындағы байланысты толық түсінбеумен және қоғамдық талқылаудың әлсіздігімен байланыстырады. Орталық Азия – географиялық және климаттық жағынан ауа сапасы үшін қолайсыз өңір. Құрғақ климат, жиі тұратын шаңды дауылдар мен ылғалдың аздығы ауада зиянды бөлшектердің шоғырлануына ықпал етеді. Бұған урбанизация, өндіріс саласының дамуы және қазба отындарға тәуелділік қосылып, жағдайды одан сайын ушықтырып отыр. Бүгінде бұл аймақтың тұрғындары көзге көрінбейтін, бірақ адам өміріне нақты қауіп төндіретін ауамен тыныстауға мәжбүр. 2019 жылы Орталық Азия халықтарының 99%-ы PM2.5 деңгейі жылдық нормадан бірнеше есе асып кеткен аймақтарда өмір сүрген. Мәселен, 2022 жылы Алматы қаласындағы орташа PM2.5 концентрациясы 23 микрограмм болса, Бішкекте – 43, ал Ташкентте – 30 микрограммға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер халықаралық қауіпсіз шектен 4–8 есе жоғары. Зиянды бөлшектердің шығу көздері әр қалада әртүрлі. Алматы, Бішкек пен Ташкентте негізгі ластаушы фактор — автокөліктер мен көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары және отын жағып жылынатын жеке үйлер. Қарағандыда металлургия және көмір өнеркәсібі PM2.5 бөлшектерінің 30–40%-ын тудырады. Қырғызстан мен Тәжікстанда қыстың суығында көмір жағу деңгейі тым жоғары. Ал Түрікменстан мен Өзбекстанның оңтүстігінде табиғи шаңды дауылдар ауаның ластануына 20%-ға дейін үлес қосады. Қытайдың Үрімші қаласындағы зерттеу нәтижелері қысқы мезгілдегі PM2.5 бөлшектерінің 60%-ы көмір мен биомассаны жағудан пайда болатынын дәлелдеген. Мәселе тек экологияда емес. Бұл тікелей адам өмірін қысқартатын, денсаулыққа кері әсер ететін, тіпті мемлекет экономикасына нұқсан келтіретін күрделі дағдарыс. Global Burden of Disease деректері бойынша, 2019 жылы Орталық Азияда шамамен 120 мың адам ауаның ластануынан мезгілсіз қайтыс болған. Қазақстанда бұл көрсеткіш жылына 15 мың адамды құраса, олардың 45%-ы жүректің ишемиялық ауруынан, 30%-ы инсульттан, 15%-ы тыныс алу ауруларынан көз жұмады. Ал Қырғызстан мен Тәжікстанда балалар арасындағы өлім-жітімге ауаның ластануы тікелей әсер етіп отыр. 2020 жылы бұл елдерде 5 жасқа дейінгі 5000-ға жуық бала тыныс алу ауруларынан қайтыс болған. Ауаның ластануы тек денсаулықты емес, елдің экономикасын да әлсіретеді. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Орталық Азия елдері PM2.5 салдарынан денсаулық сақтау саласына жыл сайын ЖІӨ-нің 3–5%-ын жоғалтады. Бұл орта есеппен жылына 10 миллиард АҚШ доллары деген сөз. Дегенмен, сарапшылар бұл мәселеге әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей жатқанын айтады. Біріншіден, өңірде ауа сапасын бақылайтын станциялар жеткіліксіз. Түрікменстан мен Тәжікстанда тіпті ашық деректер жоқтың қасы. Қазақстан мен Өзбекстанда тек ірі қалалар ғана қамтылған. Екіншіден, халықтың өзі бұл қауіп туралы біле бермейді. Бішкек тұрғындарының тек 25%-ы ғана PM2.5 дегеннің не екенін біледі екен. Экология мәселесіне келгенде саяси ерік-жігердің жетіспеушілігі де қолбайлау болып тұр. Табиғи ресурстар мен экономикалық өсімді экологиядан жоғары қою үрдісі кеңінен таралған. Алайда, мақсатты әрі жүйелі шаралар арқылы жағдайды жақсартуға болатынын әлем тәжірибесі көрсетіп отыр. Мәселен, 2013 жылы Пекинде PM2.5 концентрациясы 72 мкг/м³ болса, Қытай үкіметі бірқатар нақты қадамдар жасап, бұл көрсеткішті 2019 жылы 36 мкг/м³-ке дейін төмендетті. Олар көмір жағуды азайтып, автокөлік паркін жаңартып, жаңартылатын энергия көздерін қолдауға басымдық берді. Қазақстан да соңғы жылдары бұл бағытта алғашқы қадамдарын жасауда. 2018 жылдан бері Алматыдағы жылу электр орталықтарын газға көшіру басталды. Нәтижесінде 2022 жылға қарай PM2.5 деңгейі 15%-ға азайды. Алайда бұл жеткіліксіз. Сарапшылардың пікірінше, шекаралас мемлекеттер бірлесе отырып, аймақтық ынтымақтастықты жолға қоймаса, мәселе шешілмейді. Себебі PM2.5 бөлшектері ел шекарасын білмейді. Түрікменстан шөлдерінен көтерілген шаң Өзбекстан мен Қазақстанға жетсе, Қазақстанның солтүстігіндегі зауыттар Қырғызстанның ауасын улайды. Сондықтан сарапшылар Орталық Азия елдерін ортақ әрекетке шақырып отыр. Азиаттық-Тынық мұхиттық «Таза ауа» серіктестігі сияқты бастамалар дәл осы аймақ үшін аса маңызды. Сонымен қатар, халықаралық қорлар тарапынан қаржылық қолдауды арттыру қажет. 2015–2022 жылдар аралығында жаһандық деңгейде ауа сапасына бөлінген қаражаттың небәрі 0,7%-ы ғана Орталық Азияға тиген. Көзге көрінбейтін PM2.5 — бүгінгі замандағы ең күрделі, бірақ ең елеусіз қалған қауіптердің бірі. Бұл жай ғана экологиялық мәселе емес. Бұл – адамның өмірі мен денсаулығы, болашағы үшін күрес. Оны жеңу үшін саяси батылдық пен қоғамдық ынтымақтастық қажет. Ал Қазақстан мен оның көршілері бұл тарихи жауапкершілікті қаншалықты сезіне алды? Бұл сұраққа жауапты алдағы жылдар көрсетеді.
Барлық жаңалық