Алматыдағы НЗМ-нен шығарылған оқушы Тоқаевқа жүгінді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты cmn.kz порталына сілтеп.
Алматыдағы ФМН бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Майқан Сұңқар ұстазды тілдегені үшін мектептен шығарылған. 23 мамырда оқушыны тәртіптік негізде оқудан шығарған. Осы жағдайдан кейін Сұңқар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, кешірім сұрады.
«Инцидент математика емтиханы кезінде болды. Мұғалім телефонымды алып қойды, кейін қайтармаған соң мен күйзеліске түстім. Эмоцияма ие бола алмай, ұстазымды ренжітетін сөз айтып қойдым. Айтқаныма өкініп, шын жүректен кешірім сұраймын», – деді оқушы өз үндеуінде.
Оның айтуынша, оқиғадан кейін ол бірнеше рет мұғалімнен кешірім сұраған.
«Ата-анам да кешірім сұрады. Олар бұл әрекеттің қаншалықты өкінішті екенін жеткізу үшін тіпті иіліп кешірім сұрауға дайын болды. Алайда олар орыс тілін білмейді және өтінішке (мектептен шығару туралы – ред.) эмоциялық қысыммен қол қойған», – дейді оқушы.