Қазақстанда аса ауыр қылмыстар мас күйде жасалады

Фото: Pixabay.com

Елімізде аса ауыр қылмыстар мас күйде жасалады, деп хабарлайды ozgeris.info.

ІІМ дерегінше, алкогольді шектен тыс пайдалану Қазақстандағы қылмыс деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып қалып отыр.

Қылмыстардың айтарлықтай бөлігі, оның ішінде ауыр қылмыстардың жалпы санының 10%-ы және аса ауыр қылмыстардың 22,2%-ы мас күйінде жасалады.

Әсіресе, кісі өлтіру (59,4%), денсаулыққа ауыр зиян келтіру (62,1%) және зорлау (32,4%) туралы мәліметтер алаңдатады.

Үкімет жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы шеңберінде осы мәселемен күресуге бағытталған шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, алкогольдің қолжетімділігін төмендетуге және оның теріс салдарын болдырмауға бағытталған бірқатар заңнамалық норма әзірленді:

  • Алкогольді онлайн сатуға тыйым салу;
  • Көңіл көтеру орындарының жұмысын түнгі сағат 02:00-ге дейін шектеу;
  • Алкогольді тек мамандандырылған сауда орындарында сату.

Этил спиртінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеуге қатысты тиісті заң жобасы Мәжіліске енгізілген. Қазір заң жобасы қаралып жатыр.

ІІМ Тұжырымдаманы іске асыру үшін 102 арнасына түскен сигналдар саны бойынша ойын-сауық орындарының рейтингін қалыптастырады. Бұл азаматтарға бос уақыты үшін қауіпсіз орындарды таңдауға, ал әкімдіктерге шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алкогольді сату фактілерін анықтау бойынша еріктілермен меморандум жасалды. Қазір нәтиже бар. Алкогольді сату бойынша талаптардың – 2 880-ден 5 784 жағдайға дейін 2 есе көп бұзылуы анықталды. Мас күйіндегі адамдарды оқшаулау мақсатында медициналық айықтырғыштар желісі кеңейтіліп жатыр, — деді Ержан Саденов.

Мысалы, жыл басынан бері Түркістан, Жетісу, Ақтөбе және Қостанай облыстарында 7 жаңа орталық ашылып, Шымкент пен Семей қалаларында медициналық айықтырғыштардың төсек-орындары ұлғайтылды.