Танымал продюсер, әнші Қыдырәлі Болман жұбайы Қарақат Әбілдинамен танысқан сәтін есіне алды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иелері жақында шаңырақ көтергендеріне 25 жыл толу тойын атап өткен еді.
«Біз танысқан кезімізде Қарақат 18 жаста болатын. Белінен төмен құлаған қап-қара қос бұрымы, қазақы киімі, домбыраны алып, «Сары бидай» әнін шырқай жөнелгенде сұлу жүзі әнімен де, сәнімен де әдемі үйлесіп, ерекше жарасып тұрғаны әлі көз алдымда. Сол күні шұғыл түрде, түнгі 12-де «срочно» консерваторияның жатақханасына жетемін. Сол күннен бастап жұбымыз жазылған жоқ», – деп жастық кезін есіне алды продюсер.
Сонымен қатар өнер иесі дәстүрлі әншілікті ғана алып жүрген Қарақатқа эстраданы қалай үйреткенін айтып берді.
«3-4 жылдай «АБК» тобының концерттеріне ертіп жүріп, эстрада сахнасына бойын үйреттім. Қыр-сырларын үйрете бастадым. Қасыма ерте жүріп, әрі продюсер-ұстазына айналдым. Үйленгенімізге дейін үш жылдан астам бірге жүрсем де, қолынан ұстамаппын. Сахна қозғалысы, сахна шеберлігі, сахна мәдениеті, Нартайдың термесін дайындап бердім. Дәстүрден ақырындап эстрадаға ауыстыра бастадым. «Образ» деген дүниені тірнектеп тізіп, стратегиялық бағытың бойынша бір тізбекке тізе бастайсың. Яғни образ үлкен дуал-кірпіштен қаланған қабырға болса, соның әр кірпішін түзу, дұрыс салып отырсаң, қателеспейсің. Сөйтіп әрі-бері шапқылап жүргенімізде үйленіп, мейірімді Алла бере салғандарымызбен бақытымызды еселеп, алтын асықтай балалармен өмірімізді өрнектеп, өндіріп-өркендетіп, өсіріп, шаңырағымызды бақытқа бөлеген аса қамқор, ұлық Аллаға сансыз мадақтар болсын! Зуылдаған уақытпен, әлі қайда, 25 жылға жеткенше мың жыл бар сияқты сезінетін пендеміз. Уақыт ұйықтамайды, тоқтамайды! Баяу, бірақ бір секунд та тоқтамай, күндіз де, түнде де үзіліссіз сырғып жатқан уақыт. Ей, Алла, адастырма бізді, жарастыр!» – деді Қыдырәлі Болман.
Еске салайық, Қарақат Әбілдина Қыдырәлі Болманға қайта тұрмысқа шығып, неке жаңғыртқанын жазған едік.
ПІКІР ЖАЗУ