Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы екі қабатты үйдің тұрғындары жаңбырда суы сорғалайтын баспанасын жөндеп беруді сұрап отыр. Бұл ауылда былтыр демеушілер көмегімен құрылыс жұмысы жүргізілген, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Кеңқияқ ауылының тұрғыны Сағын Қарағұлов № 39 үйде тұрады. Оның айтуынша, биыл жаңбыр жауған кезде тамшы ағып, екі қабатты үйді түгел бүлдірген. Сонымен бірге қабырғасы да қисайып, құлап тұр, деп жазады kaz.inform.kz.
«Екі қабатты үйдің екінші қабатында тұрамын. Біз үйіміздің жөнделгенін қалаймыз. Өз күшімізбен жөндей алмаймыз, әрі былтырдан бастап демеушілердің көмегімен жөндеген соң біздің үйімізді де тізімге қосу керек. Үйдің қабырғасы сөгітіліп тұр еді. Өткен-кеткен адамның басына түсіп, мертіктірмес үшін құлатып жібердім. Тұрғындардың мұны жөндеуге күші жетпейді», — деді Сағын Қарағұлов.
Кеңқияқ ауылында былтыр үш үй жөнделді. Ол үйлердің шатыры жабылып, қабырғасы қапталды. Бұл мұнай компаниясының демеушілігімен атқарылған жұмыс.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы облыс әкімдігімен келісім аясында былтыр 11 үйді жөндеуге келісті. Сол 11 үйді жөндеу мерзімі нақты айтылмады. Өткен жылы 15, 16, 17 үйлер, яғни, үшеуі жөнделді. Төбесін жауып, сыртын қаптап берді. Келісім бойынша өзге үйлерді биыл жалғастырады. Бірақ көктемгі су тасқыны кезінде компанияның кен орындары үш ай суда қалып, табысы түскен. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның өкілімен сөйлестім. Олар Қытайдағы инвесторлардан қаржы сұратып жатқанын айтты. Қазір жөндейтін үйдің шығыны, қажеттілігін келіп тексеріп, қарап жатыр. Таяуда жаңбыр болып, біраз үйдің төбесінен су ақты. Сол кезде өзге үйлердің де тұрғындары өтініш айтты. Биыл жөнделетін үш үйдің қатарына бәрі кіргісі келеді. Ал ауылда 38 үй бар. Оның көбісінің жағдайы нашар. Кезінде «Терможаңғырту» бағдарламасына да келіспеген екен. Негізі тұрғындар бірігіп, өздері жөндеуі керек», — деді Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Қуанышбек Серікжанов.
Кеңқияқ ауылындағы үйлер 1960 жылдары салынған. Содан бері ешкім күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбеді.
«Қазіргі кезде кәсіпкерлермен келісім жасап жатырмыз. Тұрғындармен кездестіріп, банк арқылы үшжақты келісімшартқа қол жеткізгіміз келеді. Сол кезде бөліп төлеуге келісе алады. Жөндеу ретін таңдау тұрғындар еншісінде болады. Үйлер апатты деп танылмаған, бірақ жағдайы нашар. Кейбір үйде адамдар пәтер жалдап тұрады. Кейбірінің иелері мүлде тұрмайды, жабық тұр пәтері. Олар өзі тұрмаған соң келіспеуі де мүмкін. Бұл биыл емес, жылдар бойы көтеріліп келе жатқан мәселе», — деді Қуанышбек Серікжанов.
ПІКІР ЖАЗУ