Қазақстанның дәстүрлі банктеріне исламдық қаржыландыруды енгізуге ресми түрде рұқсат беріледі. Бұл жаңа бастама елдің банк жүйесінде «ислами терезелер» форматында іске асады. Алайда Zaman Bank басқарма төрайымы Гүлфайруз Асаева бұл жүйенің тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты өз алаңдаушылығын білдірді. Ол 2025 жылы өткен Islamic Finance and Business Forum барысында осы мәселеге тоқталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ислами терезе – дәстүрлі банктердің шеңберінде жұмыс істейтін арнайы бөлімше. Бұл бөлімше тек исламдық қаржы қағидаттарына сәйкес қызмет көрсетеді. Мұнда барлық операциялар, активтер мен есеп-қисаптар бөлек жүргізіледі, яғни негізгі банктік қызметтен тәуелсіз болады. Жаңа заң жобасында ислами терезелерді енгізу туралы ереже қарастырылған. Осы арқылы дәстүрлі банктер исламдық қаржы өнімдерін ұсына алады.
Zaman Bank – Қазақстандағы толық исламдық банк ретінде танылған және үш жыл бойы осы мәртебеге қол жеткізу үшін күрескен мекеме. Оның басшысы Гүлфайруз Асаева ислами терезелердің енгізілуін жалпы оң қадам деп бағалайды. Алайда ол бұл жүйенің тиімділігі мен шынайылығына қатысты кейбір мәселелерді атап өтті.
– Ислами терезелерді енгізу – нарықты дамытуға және исламдық қаржы қызметтерін халыққа қолжетімді етуге жақсы мүмкіндік. Бірақ бұл жүйе белгілі бір алаңдаушылық тудырады. Біз толық исламдық банкпыз, исламдық лицензиямыз бар, барлық бизнес-процестеріміз шариғат талаптарына сәйкес жүргізіледі. Ал дәстүрлі банктердегі исламдық терезелерде бұл қаншалықты сақталады – белгісіз, – деді Асаева.
Гүлфайруз Асаева исламдық терезелердің ашықтығына күмән білдірді. Оның айтуынша, Zaman Bank барлық қызметін шариғаттық аудиттен өткізеді, ал дәстүрлі банктердегі мұндай бақылаудың қалай жүзеге асырылатыны белгісіз.
– Бізде шариғаттық аудит бар, ресми аудиторлар да тексеріс жүргізеді, реттеуші органмен тығыз байланыстамыз. Бәрі қатаң бақылауда. Ал дәстүрлі банктерде бұл қалай жүзеге асатыны белгісіз. «Ислами терезе» деген атаумен іште шариғат талаптарына сай келмейтін операциялар жүргізілмейтініне кім кепіл? Мысалы, мешіт ішінде лотерея сататын дүңгіршек пайда болса, бұл ислам қағидаттарына мүлдем қайшы, – деді ол.