“Комменттерде және жекеме былтырғы жылдағыдай осындай мазмұндағы сұрақ тағы да көп қойылып жатыр. Сондықтан қысқаша өз ойымды қайталайын. Бастысы әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар”, - деді депутат.
Ол гранттан әлі де үміт күтетін мынадай 7 мүмкіндікті атап өтті:
- Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үйлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады.
- Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді.
- Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар.
- Төртіншіден, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады.
- Бесіншіден, тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады.
- Алтыншыдан, gap year арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады.
- Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады.
Көріп отырғандарыңыздай, мүмкіндіктер өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек, - деді Асхат Аймағамбетов.
Еске салайық, кеше, 3 тамызда 2024-2025 оқу жылындағы білім гранты иегерлерінің тізімі шыққан болатын.