Киноиндустрия – үлкен жарнама мен идеологияның құрамдас бөлігі, ал кинода көрсетілген әр кадр – үлкен табыс көзі. Сол сияқты туындыда қолданылатын тілден бөлек дубляж тілінің де маңызы зор.
Жақында «Киноматография туралы» заңға өзгеріс енгізілетіні айтылды. Енді фильмдердің түпнұсқасы қазақ тілінде дыбысталып, үлкен экрандардан көрсетіледі. Бұған дейін әлемдік фильмдер бірінші кезекте орыс тіліне дыбысталып, кейін орыс тілінен ана тілімізге дубляждалатын. Осынының әсерінен кейде фильмдегі маңызды ойлар көрерменге түсінікті деңгейді аударылмайтын.
Түпнұсқадан міндетті дубляж жасаудың мейлінше дұрыс шешім екеніне көз жеткізу әзірге қиын. Себебі аударма мен дубляждың сапасы қаншалықты сын көтеретінін болжай алмаймыз. Енді оларда жиі кездесетін қиындықтарды атап көрейік.
Ең бірінші мәселе – тілдік ерекшеліктердің ескерілуі мен аудармадағы қиындықтар. Қазіргі таңда елімізде тілдік нормаларды сақтап, кәсіби түрде аударма жасайтын мамандар аса көп емес. Олардың орнын, тілдік нормалар мен ерекшеліктерден хабарсыз әуесқой мамандар алмастырып жүр. Оған осы уақытқа дейін фильмдерге жасалған сапасы тым төмен субтитрдегі аударманың мамандар тарапынан ғана емес, көрермен тарапынан да сынға ұшырауы дәлел. Сондай-ақ елімізде әлі де аударма ісінің белгілі бір үлгісі қалыптаса қойған жоқ. Сол себепті де әр маман өз білгенін өзінше жасап жүр.
Екінші мәселе – дубляж мамандары мен орталықтардың тапшылығы. Бұл мәселені кәсіби мамандарды оқытатын сапалы техникалармен жабдықталған орталықтар санын көбейту арқылы шеше аламыз. Олардың оқу бағдарламасы министрлік тарапынан қадағаланып отыру қажет. Елімізде дубляж актерлерін оқытатын оқу орындары жоқ емес, бар. Десе де, әлі де сұранысты сапа бойынша қанағаттандыра алмай отырмыз.
Үшінші және ең үлкен мәселе – сұраныс пен таңдау. Фильмдерді тәржімалауға қыруар қаржы жұмсап, сапалы дүние жасалса да қоғам сұранысының артуына кепілдік бермейтіні айдан анық. Қазірдің өзінде халық сапалы аударылған туындыларды өте сирек көреді. Әйтпесе осы уақытқа дейін Диснейдің біраз фильмі мен мультфильмі сапалы аударылып, үлкен экранға жол тартқан еді. Соңғы бірнеше жылдың өзінде “Болашақ” корпоративтік қоры “Қазақша сөйле, өзіңнен баста” жобасы бойынша “Дисней” компаниясының 37 фильміне кәсіби дубляж жасаған. Бұл салыстырмалы түрде үлкен жетістік. Алайда кинотеатр залдарында қазақ тілінде фильм көретіндер қатары өте аз.
Фильмнің бір сеансына жиналатын адам санының көбі 8-10 адамды ғана құрайды. Бұл өте аз көрсеткіш. Дегенмен, қазақша фильмдерге деген сұраныстың аздығына “прайм-тайм” уақытына қойылмай жүргені де себеп болуы мүмкін. Бұл жағдайды кинотеатр әкімшілігі “ тәуекелге бара алмайтындарымен” түсіндіреді. Оның үстіне қазақ тілінде көрсетілетін шетелдік фильмдер күніне бір-екі мәрте ғана үлкен экрандарға беріледі. Салыстырмалы түрде бұл ең төменгі көрсеткіш.
Кинотеатр қызметіне жиі жүгінетін “киноман” жастардың бірнешеуімен тілдесіп, оларға “Неге шетелдік фильмдерді қазақ тілінде тамашаламайсыз ?” деген сұрақ қойдық.
Қарлығаш (21 жаста ):
— Меніңше, қазақтілді фильмдердегі дубляж сапасы өте төмен. Актерлер ойната алмайды. Фильм ашылмай қалады. Тіпті субтитрларға қарап, күлкіге қарық боламыз. Ал шетелдік фильмдердің орысша нұсқасы түпнұсқадан кем емес. Сондықтан орыс тіліндегі дубляжды таңдауға мәжбүрміз.Ардақ (24 жаста):
— Бірнеше рет қолдау үшін қазақша дубляждалған фильмді таңдаған кездерім болды. Залда менімен бірге екі адам ғана киноны тамашаладық. Сұраныс өте төмен деп ойлаймын. Мүмкін біз қазақ тілін таңдауға қымсынамыз ба, білмеймін ?! Мұны “ұлттық комплекс” деуге де болады.Бірақ қай кезде де сапалы аударма мен сапалы дубляжды қолдауға дайынмын.Айым (21 жаста):
— Мен негізі әдет бойынша орыс тіліндегі фильмдерді таңдаймын. Фильмді қарап отырып, астында жүріп жатқан субтитрлардағы қате көзіме оттай басылады. Аударма ісі өте төмен деңгейде жасалады. Ал дубляж жұмысына келсек, елімізде дубляж мамандары бар, бірақ жарнамасы аз, имидждері қалыптасып үлгермеген. Халық дубляж актеріне сеніп, фильмдерге бару үшін, ең бірінші, халық арасында дубляж мамандарын кеңінен насихаттау керек деп ойлаймын.
Байқағандарыңыздай, жас буын қазақ тілінде фильм тамашалау әлдеқайда қиын екенін айтады. Дегенмен, сапалы дүние болып жатса, көрермендер қолдауға дайын. Ендігі кезекте сапаға көңіл бөліп, тілдік насихатты күшейту қажет. Дубляж мамандарын тек дайындап қана қоймай, олардың түр-тұлғасын таныту үшін жарнама жұмысын жүргізген дұрыс. Сол кезде халық шетелдік фильмдерді қазақ тілінде көруді еш ойланбастан таңдай алады.
Наржан МҰРАТ
ПІКІР ЖАЗУ