Футзалдан Қазақстан құрамасы Өзбекстандағы әлем чемпионатының топтың кезеңі аясында Жаңа Зеландияға қарсы ойнап, жеңіске жетті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
D тобындағы бұл матчта Қазақстан құрамасы 10:0 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасы сапынан Ринат Төреғазин (8-минут), Ақжол Дәрібай (11), Арнольд Кнауб (14, 15, 20, 22, 36), Лео (20, 29) гол соқты.
Матчтың 30-минутында Жаңа Зеландия Логан Вишневский өз қақпасына автогол соғып алды.
Алайда ойынның 38-минутында Қазақстан құрамасының ойыншысы Лео қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Осылайша Қазақстн құрамасы D тобында 7 ұпай жинап, екінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл топта Испания да 7 ұпай еншіледі, тек испаниялықтар гол айырмасы бойынша Қазақстаннан басым түсті.
Қазақстан құрамасы биылғы әлем чемпионатының D тобындағы алғашқы ойынын Испанияға қарсы өткізіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан еді. Ал Ливияға қарсы өткізген екінші ойында Қазақстан құрамасы 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, 6 қазанға дейін болатын футзалдан әлем чемпионатына алты топқа бөлінген 24 команда қатысып жатыр. Әр топта үздік атанған 2 құрама плей-офф кезеңіне тікелей жолдама алады. Сонымен бірге әр топта үшінші орын алған құрамалар арасында үздік атанған 4 команда да келесі кезеңге өтеді.
ПІКІР ЖАЗУ