«Заңнаманы үздіксіз жетілдіріп отыру қазіргі заманның талабы. Президентіміздің осы жылғы қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру, Үкімет құзыреттерінің бір бөлігін министрліктерге беру қажеттілігі атап өтілді.
Осыған сәйкес Үкімет орталық ведомстволардың вертикалын оңтайландыру арқылы салааралық мәселелерді шешуге баса назар аударады. Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту көзделеді», — деді ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.
2022 жылғы 26 қазанда М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен бірлесіп, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері үшін «Орталық мемлекеттік органдардың құқық шығармашылығы құқықтық реттеу тиімділігінің базалық негізі» атты тақырыбында семинар өтті. ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова, Агенттік офицерлері, Әділет министрлігінің мамандары, НҚА әзірлеуге жауапты құрылымдық бөлімшелердің басшылары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу саласына тартылған сарапшылар спикерлер ретінде қатысып, ұсыныстармен бөлісті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Жігер Байділдин атап өткендей, НҚА жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамасы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау аясында қалпына келтірілді. «Құқықтық актілер туралы» Заңға түзетулер енгізілді, оған сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормаларды анықтау және оларды жоюға бағытталған ұсынымдарды әзірлеу НҚА жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың мақсаты болып табылады (Заңның 33-1-бабы).
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама сарапшысы Айдын Турежановтың пікірінше, НҚА жобасын зерттеу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің факторлары бар, оларды қолдану кезінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал етуі мүмкін сыбайлас жемқорлық нормалары анықталады.
«Менің тәжірибемде ең көп таралған сыбайлас жемқорлық факторлары «екі жақты тұжырымдау», «қате анықтамалық және бланкеттік нормалар», «дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігі», «әкімшілік рәсімдердің болмауы немесе тиісінше реттелмеуі», олардың үлесі барлық ескертулердің жартысынан астамын құрайды», — деп атап өтті сарапшы.
Сарапшылар өз қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің қолданыстағы әдістемесінде бекітілген 25 сыбайлас жемқорлық факторларын пайдаланады. Осылайша, сарапшы С. Жақселекова ең көп таралған және жиі кездесетін факторларға тоқталды.
«Біз ең жиі кездесетін 17 сыбайлас жемқорлық факторларын қарастырдық. Бұрын айтылғандай, көбінесе бұл факторлар бір-бірімен байланысты және бір нормамен бірге жүреді, өйткені белгілер әртүрлі факторлармен байланысты. Жалпы, жоба нормаларын егжей — тегжейлі пысықтау қажеттігін атап өткім келеді және келісудің барлық кезеңдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдын алу тетігін басымдыққа қою керек», — деп түйіндеді С.Жақселекова.
ПІКІР ЖАЗУ