Қазақстанда коллекторлық агенттіктердің жұмысы біртіндеп заңмен нақты реттеліп келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған жаңа ережелер борышкерлердің құқығын қорғауға, ал агенттіктердің әрекетін ашық етуге бағытталған. Бұл жүйе енді бұрынғыдай «қатал қысым» емес, екі жақтың да мүддесін ескеретін келіссөзге негізделуі тиіс екенін көрсетеді. Сондықтан да кейбір ережелерді ескере жүрген жөн, деп сараптайды Ozgeris.info.
Енді уақыт жоғалтпайды
Енді коллекторлар банктен қарыз портфелін сатып алғаннан кейін 30 күн ішінде борышкерге бұл туралы міндетті түрде хабарлауы керек. Бұрын мұндай нақты талап болмағандықтан, көп адам өзінің қарызы банк емес, коллектор қарауында екенін білмей, ұзақ уақыт бойы дұрыс мекемеге жүгінбей, уақыт жоғалтатын. Биылдан бастап коллектор агенттіктері борышкерден түскен кез келген өтінішті тіркеуге, қарауға және нәтижесін құжатпен рәсімдеуге міндетті. Бұрын борышкерлердің өтініштері ескерусіз қалып жатса, енді агенттіктер әрбір шағымға жауап беруге және есеп беруге тиіс. Демек борышкердің шағымы жай ғана «жоғалып кетпейді».Тағы бір маңызды өзгеріс – агенттіктердің есеп беру рәсімі автоматтандырылмақ. Бұл олардың әкімшілік жүктемесін жеңілдетіп, жұмыс үдерісін цифрландырады.Банк ештеңе шеше алмайды
Осы үдерістердің бәрі қандай өзгеріс әкелмек? «Процесс 24» заң компаниясының негізін қалаушы, заңгер Виталий Кимның айтуынша, егер борышкердің қарызды өтеуге мүмкіндігі болмаса, ол коллекторлық агенттікпен қарызды азайту туралы келіссөз жүргізе алады.– Ең басты айырмашылық – бұрынғы нұсқада коллекторлық агенттік борышкерге қарыздың сатып алынғаны туралы хабарлауы керек мерзім нақты көрсетілмеген. Осыған байланысты көптеген борышкер қарыздың коллекторларға берілгенін білмей де қалатын. Бізде қарызын төлей алмаған клиенттер болды, олар банкке кредит туралы ақпарат сұратып хат жібергенде, банк қарыздың әлдеқашан коллекторлық агенттікке берілгенін және барлық сұрақты соларға қою керектігін хабарлайтын. Яғни борышкер ұзақ уақыт бойы оның ісі коллекторларда екенін білмейтін. Ал қазір коллекторлар қарыз портфелін банктен сатып алған сәттен бастап 30 күн ішінде борышкерге хабарлауға міндетті. Маңыздысы – іс коллекторларға өткеннен кейін, банк ештеңе шешпейді. Барлық шешімді коллекторлық агенттік қабылдайды. Алайда көптеген борышкер мәселені банк арқылы шешуге болады деп ойлап, уақытын жоғалтады, кезекте тұрып, қайта құрылымдау туралы өтініш береді, – дейді заңгер.
Қарызды азайтуға бола ма?
Осы тұста көптің көкейінде бір сұрақ туады: коллекторға барып, қарызды азайтуын сұрауға бола ма? Болса, қалай? Заң бойынша – болады. Егер адам коллектордан «қарызыңыз бізге өтті» деген ресми хабарлама алса, сол күннен бастап 30 күн ішінде жазбаша түрде өтініш бере алады. Өтінішке табысы мен шығысы, отбасы мүшелерінің саны, мүлкі, не үшін қарызға батқанын, қазіргі қаржылық жағдайы туралы толық ақпарат жазылады. Бұл коллекторға борышкердің жағдайын түсінуге және шын мәнінде төлеуге шамасы бар ма, жоқ па соны анықтауға көмектеседі. Егер ақшаны бірден жабуға шамасы келмесе, адам келіссөз жүргізіп, қарыздың бір бөлігін кешіруді немесе жеңілдетілген төлем кестесін сұрай алады.– Мысал үшін қарапайым есепті алайық. Банктік қарыз негізгі қарыздан, кредит бойынша пайыздардан, банк сыйақысынан және айыппұлдардан тұрады. Мәселен, негізгі қарыз 6 млн теңге, бірақ жоғарыда аталған үстемелермен бірге ол 10 млн теңгеге дейін өсті. Бұл жағдайда борышкер төлем қабілетсіздігінің себептерін көрсетіп, қажетті құжаттарды ұсынып, 10 млн теңгенің орнына 6 млн теңге төлеуді ұсына отырып, коллекторлық агенттікке өтініш жаза алады. Содан кейін коллекторлық агенттік өтінішті қарастырып, жазбаша жауап береді. Егер құжаттар толық болмаса, коллекторлар 10 жұмыс күні ішінде қосымша мәлімет сұратады және оларды ұсыну үшін 5 жұмыс күнін белгілейді. Егер құжаттар уақытында ұсынылмаса, өтініш қараусыз қалдырылуы мүмкін, – дейді Виталий.
Коллекторлар да көмектусге мүдделі
Қарызды азайту – тек борышкердің емес, коллектордың да пайдасына шешілетін мүмкіндік. Агенттіктердің әрқайсысының өз саясаты бар. Кейбірі ешқандай ымыраға келмесе, енді бірі борышкердің жағдайын ескеріп, айыппұлдар мен үстеме сыйақыларды алып тастауға дайын. Себебі олар бұл қарызды банкпен жасалған келісім арқылы арзан бағамен – көбіне қарыздың жартысымен ғана сатып алады. Мысалы, банк алдындағы берешек 6 миллион теңге болса, коллектор оны 3 миллион теңгеге сатып алған болуы мүмкін. Осыны ескерсек, борышкер негізгі соманы төлеуге келіссе – бұл агенттік үшін де тиімді мәміле. Сарапшымыздың айтуынша, коллектор тарапынан шектен тыс қысым жасалған жағдайда, борышкерлер қарызын мүлде төлеуден бас тартады немесе өзін банкрот деп жариялауға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде коллектор агенттігінің де мүддесіне сай келмейді. Сондықтан келісімге келу – екі жаққа да тиімді жол.– Егер коллекторлар қарызды азайтудан бас тартса, борышкер не істеуі керек? Борышкер өзі төлей алатын соманы көрсетуге құқылы. Егер қарыз 5 млн теңге болса, ал борышкерде 3 млн теңге ғана бар болса, ол өтініште осы соманы көрсетіп, қажетті құжаттарды қоса беруі керек. Коллекторлық агенттік өтінішті қарастырып, не келіседі, не бас тартады. Коллекторлар бас тартқан жағдайда, олар дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті. Сондай-ақ борышкер өтінішінде қарызды қайта құрылымдауды сұрап, қазіргі табысына сәйкес жаңа төлем кестесін ұсынуы мүмкін. Ол үшін кірістер туралы анықтама қажет. Мысалы, ай сайынғы табысы 500 мың теңге болса, оның күнделікті қажеттіліктерін жабу үшін белгілі бір сомасы қалуы керек. Яғни борышкер қарызды төлеуден қашпайтынын, бірақ оны өз мүмкіндігіне қарай қайтаруға дайын екенін көрсетеді. Шамамен 70% жағдайда коллекторлар қарызды азайтуға дайын. Бірақ олар борышкердің шын мәнінде қарызды төлеуге ниетті екенін тексереді, – дейді сарапшы.Егер коллекторлық агенттік борышкердің жазбаша өтінішіне қарамастан жеңілдік беруден бас тартса, азамат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) немесе сотқа шағымдана алады. «Коллекторлық қызмет туралы» заңның 6-бабына сәйкес, мұндай жағдайда коллектор бас тартудың нақты себептерін түсіндіріп, мәселені қалай шешуге болатыны жөнінде жауап беруі тиіс.