Атырау облысы, Мақат ауданына қарасты Доссор кентінің тұрғындары лайсаң күндері қиындыққа тап болып отыр. Кенттегі Жетпіс Ботабайұлы көшесінің тұрғындары көп жылдан бері жол мен жарық мәселесін көтергенімен, әлі күнге дейін жағдай оңалған жоқ. Көшеге жаңбыр жауған сайын тұрғындар батпақ кешіп, үйлеріне кіре алмай қиналады.
Көшенің жағдайы мүшкіл
Тұрғындардың айтуынша, бұл көшеде жол атымен жоқ, ал жарықтың жоқтығы жағдайды тіптен ушықтырып отыр. Жолдың сапасыздығынан әсіресе мектепке баратын балалар мен жасы келген қарттарға қиын соғуда.
- Ауа райы қолайсыз болғанда, әсіресе жаңбырлы күндері біздің көшенің тұрғындары әбден әбігерге түседі. Батпаққа белшесінен батып, әрең жүріп-тұрамыз. Балаларымыз мектепке жеткенше аяқ киімдері балшыққа малынып, оқуға бару мұңға айналды. Оның үстіне бұл көше тұрғындарының 90 пайызы - зейнеткерлер. Олар үшін батпақ кешу үлкен сынақ, - дейді жергілікті тұрғындар.
Көптен көтерілген мәселе шешімін таппай келеді
Көшенің инфрақұрылымдық жағдайына қатысты мәселе бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешім қабылданбаған. Мұндай мәселе тек Жетпіс Ботабайұлы көшесімен шектелмейді. Тұрғындардың айтуынша, Придорожный көшесі де дәл осындай жағдайда. Онда да жол салынбаған, ал жаңбыр жауған сайын балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес.
- Бұл тек бір-екі көшенің ғана мәселесі емес. Доссордың көптеген көшелерінде жағдай осындай. Кейбір көшелерде тіпті қоқыс та уақытында шығарылмайды. Көктем мен күзде бұл мәселе тіпті ушығады. Күн құрғамайынша, көшеде жүру қиын, - дейді тағы бір тұрғын.
Жергілікті билік не дейді?
Мақат ауданы әкімдігінің мәліметінше, Доссор кентіндегі кейбір көшелерге асфальт төсеу жоспарда бар. Бүгінгі күні мердігер компанияны анықтау жұмыстары жүріп жатыр.
- Қазіргі таңда Доссор кентінде көшеішілік 28 шақырым жолды салу үшін мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланды. Мердігер мекеме анықталған соң, кенттегі көшеішілік жол құрылысы басталады. Бұл жобаның аясында Жетпіс Ботабайұлы көшесі де жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, осы көшеге көше жарықтары орнату да қарастырылған, - дейді Мақат ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дегенмен, тұрғындар бұл уәденің қашан орындалатынына күмәнмен қарап отыр. Себебі мұндай жоспарлар бұрын да айтылғанымен, нақты нәтиже болмаған. Сондықтан олар биліктен жол мен жарық мәселесін тез арада шешуді талап етуде.