Ресейдің Ростов облысында ақылға сыймайтын қайғылы оқиға болды. Новошахтинск қаласында 85 жастағы қария өз туған немересінің қолынан қаза тапты, деп жазады Ozgeris.info.
Алғашында зейнеткердің өліміне беймәлім біреулер себеп болды деген ақпарат тараған еді. Бірақ көп ұзамай шындық ашылды, қылмысты туған немересі жасаған. Жас жігіт атасын бар-жоғы 40 мың теңге үшін аяусыз өлтірген.
– Оқиға 27 мамыр күні болған. Қалалық полицияның кезекші бөліміне жедел жәрдем қызметкері хабарласып, Станционная көшесіндегі жеке үйден зорлықпен өлтірілген адамның денесі табылғанын айтқан. Қарт адамның денесін үйге қонаққа келген туған жиені тауып алып, өзі жедел жәрдем шақырған, – деп хабарлады полиция өкілдері.
Тергеу тобы дереу оқиға орнына жетіп, мән-жайды анықтады. Марқұмның басынан ауыр соққы алғаны белгілі болды. Тексеру барысында бұл қасақана жасалған қылмыс екені дәлелденді. Көп ұзамай күдікті ретінде 18 жастағы немересі ұсталып, кінәсін мойындады.
Қазіргі таңда бозбала қамауға алынып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда.