Елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс, пікірлер айтылып жатыр екен. Түрлі пікірлер айтылуы заңды ғой қоғам болғандықтан. Сондықтан, көпшіліктің пікірін біліп, ойларын ортаға салған жөн. Ғалымдарымыз не дейді? Тарихшылар қандай пікірде? Жалпы жұртшылық не айтады? Осының барлығын сарапқа салған жөн. Егер өзгертейік, бүгінгі өмірге жақындатайық дегенді көпшілік қолдаса өзгерістен қашпауымыз керек.
Сонымен қатар, Мемлекеттік Туға да өзгеріс енгізу қажет секілді. Өйткені маған жалауымызда симметрия жоқ секілді көрінеді. Тудағы қанатын жайған бүркіттің бір қанаты көрінбей қалады көбінесе. Өзге елдердің Туын қарасаңыз симметриясы мықты, бәрі орнында тұрады. Бұл енді менің жеке пікірім. Дегенмен, бұл мәселені де талқыға салып байқап көруге болады. Өйткені, қоғамда Әнұранды өзгертуге де қарсылық болды ғой. Бірақ, ол кезде халықтың қарсы пікірі ескерілмей, өзгертіп тастадық.
Мен кезінде Кентау қаласында, Түркістанда қызмет еттім. Халықаралық қазақ-түркі университетінде 14 жыл жұмыс істеді. Бізбен бірге Түркияның азаматтары, оқытушылары жұмыс істеді. Сонда байқағаным түріктер керемет ұлтшыл. Отаншыл. Өз елінің Мемлекеттік Рәміздерін қорғаған кезде алдына жан салмайды. Тіпті төбелесуге дайын, өжет. Міне, мемлекетшілдік, патриоттық тәрбиенің жемісі.
Ал, біз халқымызға, жастарға осындай тәрбие бере алдық па? Бізде мемлекеттік сана қалыптаспады. Отыз жыл бойына ұрлық, тонау жүрді. Бір адамға ғана бас ұру, бір адамға табыну саясаты басты орынға шықты. Оны айтып, қарсы шықсақ жұмыссыз қалатын едік. Оның салдарынан әлі айыға алмай жатырмыз. Қоғам сауыққан жоқ. Бізге де бауырлас Түркиядағындай өжет ұрпақты қалыптастыру қажет.
Елде өзгеріс жасау үшін алдымен ғылымды дамыту қажет. Ғылым алдыға шықпай қоғам жаңармайды. Қазір халық үлкен өзгерістерді күтіп отыр. Рәміздерге қатысты түрлі ұсыныстардың айтылуы да осының белгісі деп ойлаймын. Бірақ, қандай өзгеріс жасалса да ғылымға негізделіп, асықпай-аптықпай, парасатты түрде жасалсын деймін.
Әбдуәлі Баешов
химия ғылымдарының докторы, академик
ПІКІР ЖАЗУ