ЖАҢА МАУСЫМ. 2023 жылы 15 қыркүйек күні Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры XXXIII жаңа маусымын бастайды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо. Театр маусымы дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашылады. Басталуы: 19.00.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедиясында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Қойылымға жалпы 65 актер қатысады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.
«40 жастан асқан соңғы Абай, бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі: өмірге үйлескісі келмей, заманнан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз. ақылшы, ақын-данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі: күндегі өмірдің бетімен елдің сөзін ұстап, бұрынғыша партия тартыстың, билік, әкімшіліктің жолындағы ру басшы, ел меңгеруші Абай». Мұхтар Әуезов.
Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы өркендеп, ғаламдық деңгейге жетуінің барысындағы оқиғалар сахнада ұлы М.Әуезов драматургиясымен өткен ғасырға жол тартқанымен, бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.
«Абай» қойылымы Қарағанды қаласында көрсетіледі.
Қыркүйек айының 19-24 күндері аралығында Қарағанды қаласында Қалибек Қуанышабевтың 130 жылдығына арналған «Сын – шын болсын» республикалық театр фестивалі өтеді. Фестиваль шымылдығы Қаллеки театрының «Абай» қойылымының арнайы көрсетілімімен ашылады. . Өнер ұжымы есімін еншілеген театр өнерінің корифейі Қалибек Қуанышбаев сомдаған шоқтығы биік рөл – дәл осы Абай рөлі болды. Замандастары Қаллеки атап кеткен әйгілі әртістің осы рөлін туынды авторы, жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалаған. 1993 жылы Әшірбек Сығайдың ұсынысымен Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығы құрметіне орай елордалық театрға «Қалибек Қуанышбаев» есімі берілді.
25-30 қыркүйек аралығында театр ұжымы «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» (Авт: Ғ.Мүсірепов, Реж: Г.Балпейісова) музыкалық драмасымен Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өтетін КСРО халық артисі Бәкен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналған «ART-ORDO — 2023» IX Халықаралық театр фестиваліне қатысады.
Қазан айының 9-15 күндері аралығында Петропавл қаласында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалi өтеді. Фестиваль мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығын мерекелеу аясында өткiзiледi.
Жаңа маусымның алғашқы айларында көрермен назарына «Қыз Жібек», «Патша көңілім, не дейсің?!..» қойылымдарының премьерасы ұсынылады. Ж.Шайхисламұлының «Қыз Жібек» қойылымын халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты, жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы, Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!..» комедиясын режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналайды.
ПІКІР ЖАЗУ