Ақтөбе облысында аудан әкімі өз өзін медалмен марапаттаған

Фото: facebook Светлана Светлана

Ақтөбе облысы Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев өзін өзі марапаттады. Аудан басшысы “Темір ауданының Құрметті азаматы” куәлігіне өзі қол қойып,  омырауына медаль тақты. Атақты беруге қарамағындағы қызметкерлер комиссия құрып, “қос қолдап” келіскен. Бұл туралы ozgeris.info тілшісі Stan.kz — ке сілтеме жасап хабарлайды.

Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаевтың “Темір ауданының Құрметті азаматы” медалін алғаны туралы ақпарат бір жыл бұрын әлеуметтік желіге шықты.

Аудан басшысын Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі құттықтап, марапат фотоларын желіге жүктеді. Онда “Темір ауданының Құрметті азаматы” атағы берілсін деген тұста Темір ауданының мәслихат төрағасы және Темір ауданының әкімі, яғни, медаль иесінің есімі, қолы, мөрі тұр. Марапат 2023 жылдың 25 желтоқсанында берілген.

Бұл жерде марапат беру тәртібі сақталған ба? Ауданға ресми сауал жолдау арқылы жауап алдық.

2023 жылдың 20 желтоқсанында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Темір ауданы әкімінің орынбасарына қазіргі әкімге сол ауданның “Темір ауданның Құрметті азаматы” атағын беру туралы ұсыныс жолдаған. Бұл ұсыныс 2 күн ішінде қолдау тауып, 22 желтоқсанда комиссия отырысы өтеді. Оған Темір ауданы әкімі Саламат Аманбаевтың орынбасары Қайрат Нұралы төрағалық еткен. Комиссия мүшелері өзінің қол астындағы қызметкерлері. Комиссия құрамында болған аудан әкімінің екі орынбасары, аппарат басшысы, ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Сол күні-ақ аудан әкімінің орынбасары комиссия хаттамасын аудандық мәслихат төрағасына жолдаған.

Аудандық мәслихат Саламат Аманбаев аудан әкімі қызметінде Темір ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты, су тартты, асфальт төседі, ауданды абаттандырды, көгалдандырды деп сипаттайды. Бұл жерде әкімнің ең бірінші міндеті – халыққа қызмет ету, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын ұйымдастыру туралы айтылмайды.

Не керек, аудандық мәслихат та комиссия ұсынысын көп күттірмеген. 3 күн ішінде шешім шығарып берген. “Маңызды мәселе” көтерілген мәслихат отырысына 12 депутат толық көлемде қатысып, барлығы қолдау білдірген.

“Ақтөбе облыстық мәслихатының 2009 жылғы 21 желтоқсандағы № 262 шешімінің 15–тармағына сәйкес, куәлікке аудан әкімі мен тиісті мәслихат төрағасы қол қояды”, – деп мойындады Темір аудандық мәслихаты.

Айта кетейік, биыл су тасқыны кезінде Темір ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Ауданда 57 үй қирап қалды. Өіңр тасқын кезінде 600 миллион теңгеден аса шығынға батты.

Сонымен қатар, мектеп оқушысының өлімі тіркеліп, Қопа ауылы мектебінде жылдар бойы буллинг болды деген ақпарат тарады. Тіпті бас прокурор лауазымды қызметкерлердің атып тұрып, шара қолдануды міндеттегендердің қатарында да Темір ауданы әкімі болды.

Саламат Аманбаев 2021 жылдың наурызынан бастап Ақтөбе облысы Темір ауданының әкімі.