Айтпағанды айтқызған. «Алаштықтардың» аузына сөз салу кімге керек?

ХХІ ғасыр басындағы біздің кейбір ғалымымыз аңқау, ашық көңілді халқымыздың мінезін бұзған, саф таза санасын улап, өтірік сөйлеу мен қулық-сұмдыққа үйреткен ХІХ бен ХХ ғасыр басындағы дүмше, надан молдалардан айырмасы аз. Олай дейтін себеп: «Алаш» қозғалысының тарихын терең зерттеп білмей, Алаш арыстарының бай мұрасын түгел оқып-тоқымай-ақ, Алаш туралы «білгені бір тоғыз, білмегені тоқсан тоғыз» бола тұра, өздерін алаштанушымын деп жүрген біраз азамат, замандасымыз, тіпті әріптесіміз Алаш тарихын, Алаш мұрасын, Алаш арыстарының асыл сөздерін тыңдаушыларының көңіліне қарап, ығына жығылып, бұрмалауды әдетке айналдырды.

Әлихан Бөкейхан — 1847 жылы біржола ыдырап, Ресей империясының отарына айналған Қазақ хандығының жер аумағы мен үйіндісі үстінен қазіргі Қазақ ұлттық мемлекетінің туын қайта көтеріп, шекарасын сонау 1910 жылы анықтап, 1917-1920 жылдары белгілеп, 2,5 жылдай заманауи Қазақ елінің тұңғыш басшысы — президенті болған, ұлт тарихына алтын әріптермен жазылатын шынайы тарихи тұлға.

«Алаш» қайраткерлерінің ХХ ғасыр басында төте жазумен жарық көрген мұрасын жинап, кітап, жинақ етіп басып шығару немесе, ТМД кеңістігінде мұрағаттардың шаң басқан қорларын апталап, айлап қазбалап қазып, зерттемей-ақ, әр жерден алған дерек-айғақтар негізінде бірлі-жарым мақала жазу – бір басқа. Ондай істен соң өзін «алаштанушымын» деп ауыз толтырып айтуға тым ертелеу. Жиналған сол айғақ-дерек, асыл мұраны 10-даған жыл зерттеп, саралап, салмақтап, ой тезісінен өткізіп, берік тұжырымға келу тіпті басқа іс. Міне осыдан кейін ғана алаштанушымын айтуға моралдық, ғылыми құқың болар ма еді.

Әлихан бабамыздың туғанына 150 жыл толған мерейтойы жылында әлихантанушыларбиттей қаптап кеткен болса, Ахмет Байтұрсынұлының өткен жылғы мерейтойында ахметтанушы ғалымдар да дәл солай қаптап кеткеніне куә болдық.

Жеке өзімнің байқауымша, соңғы 4-5 жылдан бері Әлихан бабамыздың бай мұрасын қоя тұрып, бірде-бір шығармасын шұқып тұрып оқымай-ақ, әр жерден үзіп-жарып оқыған өсиет сөздерін өрескел бұрмалап, ұлт көсемін діншіл етіп көрсетпек әрекеттер жалғасып келеді. Осыған дейін осындайарандату, ұлт мүддесіне қайшы, ұлттық бірлігі мен келешегіне қарсы іс-әрекеттерден елді биттей қаптаған исламды жамылған діни секталардың өкілдерінің қолтаңбасы байқалатын. Мысалға біреуі «Әлихан Ахметке түрмеден жазған бір хатында ауыз бекітуге дәм болмай қара сумен бекіттім» деп Әлихан бабамызға нақақ айып, ашықтан-ашық жала жауып,Әлиханға ораза ұстатпақ болды. Тағы біреулер Алты Алаш көсемінің «халыққа, ұлтына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзінен «мінезден» дегенін «иманнан» деп бұрмалап, енді оны тіпті діншіл етіп, исламға тіреп қойды.

Ал соңғы кезде ұлт көсемінің сөздерін бұрмалауға ислам сектанттары қалып, алаштанушымын деп жүрген біраз ғалым «білек сыбана» кіріскенін көріп отырмыз.Сондай алаштанушының бірі медреседен, одан қалса ауыл молдасынан қара танып шыққан «Алаш» арыстарының бірін қалдырмай құран сөрелерін жатқан білетін діндәр етіп шығарды;1930-жылдардағы жаппай қуғын-сүргін кезінде Міржақыпты 1,5 жыл немесе 18 ай 25 шаршы см түрмеде ұстады,25 мың «Алаш» арысын «дін жолында құрбан» етті.

Жарайды, ол мәселені «Адырна» порталындағы пікірталаста біраз ашық талқыладық.

Одан 1-2 жыл бұрын өзін тарих ғылымдарының докторымын деп таныстыратын танымал алаштанушы ғалым, аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, Exclusiv.kz мульти-медиа порталына берген сұхбатында Сәкен Сейфуллинді нағыз алаш қайраткері, Қазақ кеңестік аутономиясы халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, яғни қазірше премьер-министр қызметіндежүргенінде «Алаш» арыстарының тапсырысымен кеңестік қазақ армиясын, қазақ милициясын құрып, Қазақ елінің өз ақшасын шығарды, ақша Сәкеннің қолтаңбасымен шықты деп сайрап беріпті! Мен оған кезінде сол порталда жауабын бергенмін.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл ханым Ісмақованы өз басым сыйлаймын, Алаш әдебиетін зерттеген, Алаш идеясы мен қайраткерлерін насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген ғалым деп санаймын.

Алайда Айгүл ханымның бір жас аудиторияға берген бір дәрісін тыңдап, қатты көңілім қалғанын жасыра алмаймын. Айгүл ханым да өткен жолғы жас алаштанушы мен одан бұрынғы сектантарды сөзбе-сөз қайталайды. Әлихан, Ахмет, Міржақыптар медреседе немесе ауылдың дүмше молдасынан дінге сонша құштар болғаннан оқыған жоқ, қазақша мектеп атаулының болмауынан, қазақша хат тану үшін ғана оқыды. Дінге құштар болса, Науан хазірет сияқты Бұқара, Самарқанд, Стамбулға барып діни білімінен неге толықтырмады?

Екіншіден, Әлихан, Ахмет, Міржақыптар өздерінің бір-біріне жазған хаттарын, шығармаларын «Бісмиллә раһман раһимнен» бастаған емес. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде бір-біріне деген алғыс, ықылас, ілтипаттарын «Тәңірі жарылқасын айтамын!» деп білдіретінін кім теріске шығара алады?!? «Тәңірі жарылқасын» дегені бүйректері Тәңірге бұрып тұрғанын және исламнан теріс айналғанын білдірмейді.

Әлихан Бөкейханның С.-Петербордағы Орман институтында оқуымен қатар, император университетінің заң факультеті курсын 1893 жылы Ленинмен бірге экстерн түрінде тапсырды деген мәліметті алғаш рет көрнекті Алаш арысы Әлімхан Ермекұлының 1992 жылы Жезқазғанда кітапша болып шыққан бір әңгімесінен алып өзім жазғанмын. Бітірді деп діттеп емес, «Әлімханның айтуынша» деп жаздым. Бірақ С.-Петербордағы тарихи мұрағаттан Лениннің дипломы бар да, Әлиханның заң факультеті курсын экстерн бітіргенін растайтын не құжат, не дипломын таба алмадым. Сол себепті мен Әлиханды «заңгер» деуді қойдым. Айгүл ханым болса, Әлиханды Ленин ғана емес, Троцкий де оқыған университетті экстерн бітірді дейді. Ең қызығы Троцкийдің Одесса қаласындағы әулие Павел училищесінен басқа жоғарғы білімі жоқ, ал Ленин – С.-Петербодағы император университетінде оқыған емес, заң факультеті курсын тыңдап, экстерн түрде тапсырып диплом алған, ал Қазан университетінің заң факультетінде оқып жүрген кезінде қуылған.

Алайда мәселе онымен бітпейді. Осы күні қазақтан шыққан орыс тілді бірқатар азамат бар. Оның ішінде әсіресе көзге түсетіні – Әлжан Исмагулов деген азамат, тек интернет порталында ғана жасайтын жаңа коммунистік партияның көсемі, М. Шоқайды нацист, кеңес одағын сатқан, Нацистік Германияның итаршысы деп айыптайды.

Тик-Ток пен Инстаграмда жеке парақшалары бар Азамат деген тағы біреу данышпан Украинаға басып кірген Ресейдің шашбауын көтеріп, кеңес одағын аңсайды.

Екеуінің де өз елінде талтаңдап жүруіне қарағанда, екеуі де арнайы қызметтің жобалары емес пе деген күдік туады. Бірақ қай ел – Ресейдің бе, әлде Қазақстанның арнайы қызметі тұр ма, оны кесіп айту қиын.

Міне, бұл жағдай қазіргі Қазақ елінде тәуелсіздіктің 32 жылында биліктің ешқандай ұлттық идеология жүргізбеуінің нәтижесі, ауыр салдары екеніне еш күмән жоқ. Сол себепті бүгінгі қазақ қоғамы ұлттық сана-сезімімен кешегі кеңес одағында жұртта қалған күй кешуде. Біз Кеңес дәуірінде жазылған жалған тарихымыздың шырмауынан әлі шықпаған халықпыз. Біз мәдениетінен, тілінен жартылай айрылған, төл тарихын білмейтін, болашағына жетелейтін бағыт-бағдары жоқ адасқан, әбден шатасқан халықпыз.

 

 

Сұлтан Хан Аққұлұлы