Айдана Қайсарбек 1997 жылы туған. Есенғали Раушанов атындағы республикалық сыйлықтың иегері. Ұзынағаш ауданының тұрғыны.
Балет
Деміңде жаңбыр бар билейтін,
Тағдыр бар билейтін.
Түймедақ күлтесі секілді үміттер –
Ол сені сүйетін, ол сені сүймейтін…
Дамылдап көрші әлі ғұмыр бар өлшеусіз,
Көркемсіз! Еркемсіз ертерек кеп тұрған.
Сүймесем не болмақ? Сенім ше селкеусіз?
Сенім жоқ тоналмақ, келіңіз ертең сіз!
Сіз ертең келіңіз, су шашып ойнаймыз
Демімде жаңбыр бар билейтін
Тағдыр бар билейтін.
Сезімнен таймай біз, ойнаймыз ертеңмен
Көмкерген көктеммен көңілсіз күзді бұл.
Сізді іңір сүймейді дәл мендей, десе де
Дәрменсіз емес қой қыз ғұмыр!
Сізді бір ғаламат ғасырдай сый дейтін,
Жаным бар жалғанды сүймейтін,
Имейтін басқаға хан басын, нансын ел, нанбасын
Жаңбыр бар демімде билейтін…
Тағдыр бар билейтін…
Сіз үшін!
***
Жүрегіңнің иісі алақанымда қалса нетті,
Алақанымдағы иіс кеудеме сіңсе нетті?!
Тапсам ба бір себепті?..
Адымым қайда апарарын білсе нетті?!
Ақылым «ақымағым-ау» деп күлсе нетті?!
Тапсайшы бір себепті…
Біз бөлек күткен күн себепті,
Бәлкім мұң себепті,
Әлде гүл себепті…
…мың себепті!
***
Жалғызсырап жатып
Ойлайтыным…
Мені осы…
Құс алып кетсе ғой!
Құс алып кетсе ғой аспанды тіреп төбесі.
Түс алып кетсе ғой!
Түс алып кетсе ғой келесі.
Күш алып кетсе ғой күй шертіп тұрған көбесі…
Шаршадым!
Айтатын шақта бәрінен сөздің абайлап,
Алдыңда сенің шекпеймін және көп айбат.
Аңсадым дейсің…
Шаршадым дейсің…
Аңсадым мен де…
Шаршадым мен де…
Бұдан соң
Кетемін деймін жалғыздығымды көп ойлап.
Бәріне қолды сілтемекшімін жоқ қылып!
Бәріне қолды сілтемекшімін деп тұрып…
Жаза қаласың…
Жаза қаласың:
«Ботам-ау!
Жолығатын күн…
Жолығатын күн қашан-ау?!»
Өліп те қалып тірілген адам секілді,
Көзімнен тамар жас анау…
Жалғыздығымның басынан сонда сипалап,
Жымиясың бір, жасымды менің сый санап.
Сонда ойнап тұрар мен туралы бір сазды әуен,
Сенде ойнап тұрар махаббат деген күйтабақ…
Билеп жүреміз қолымыз қолға тиместен,
«Басқамен бұлай билеп пе ең?!»
Көзіміз көзбен сүйместен,
Бетіміз беттен күйместен…
Сондағымыз ақымақтық…
…жоқ,
Сағынысқандық.
Алшақтық…
Алыстық…
Аулақтық…
Жырақтық…
Қашықтық…
О, бәлкім, бәлкім ғашықтық!
***
Шөлмекті қойшы,
Шөлмекті қойшы
Өлмекті неге айтпадың?
Шөлмекті қойшы,
Көрмекке мінез жәйттарын
Айтпадың неге бейкүнә анау ойыңның,
Ғашықтықтың да қақпасын қағып қайтқанын?!
Естілмейтіндей көзіңнің үнін жасырдың…
Мазамды неге қашырдың?!
Қолыңды берші, түкіріп қана келейік
Сорлылығына ғаламат мынау ғасырдың!
Түтінді қойшы,
Түтінді қойшы
Үкімді неге айтпадың?
Түтінді қойшы,
Талқылап тағдыр жәйттарын
Айтпадың неге бейкүнә мына қолыңның,
Сұлу сезімнің бұрымын өріп қайтқанын!?
Көрінбейтіндей сөзіңнің нұрын жасырдың…
Мазамды неге қашырдың!?
Қолыңды берші, боқтайық бірге бейуақ
Былығын айтып ғаламат мынау ғасырдың!
Түтінді қойшы,
Түтінді қойшы
Алаудан мен де қайтқамын…
Шөлмекті қойшы
Көрмекке жырдың жәйттарын,
Айтпадың неге ғашық та болғың келгенін;
Түтінді қойшы,
Шүкірді неге айтпадың?
Айтпадың неге,
Қайтпадым, неге қашырдың?
Жанына жолдас болмадық неге Жасылдың?
Қолыңды берші, азырақ мақтап келейік
Құдайшылдығын ақымақ мынау ғасырдың!!!
***
(«Ей, сұмырай!»
Не тіршілік мынауым?)
Мынау неткен хабарсыз күн, алаңсыз.
Алқам-салқам ажалдайын ажармен
Сонша сұлу көрінесіз маған сіз!
(Сонша неге таусылды екен шыдамым)
Ғасырымсыз ғарыш жанар, ғазал дем.
Асығымсыз, жасығымсыз жасына да бақ ілген.
Сіз де мені сұрайсыз ба Тәңірден?
(«Ей, күйік-ай!»
Не өксікке тығылдым?)
Аймалайтын ойдың өзін аяндай,
Айға жуық аяңдадым, ой Алда-ай!
Төзімге бір келіңізші деп тұрып,
Сезімге бір сеніңізші дей алмай,
Жанар алды жабырқаппын жасықтау…
Мақұлмын-ау, ақылдым-ау, қинамай
Сіз де мені сұраңызшы Тәңірден!
(Сен де мені сұрасаңшы Тәңірден!
«Ей, күйік-ай!»
«Ей, күйік-ай!»
«Ей, сұмырай!»)
***
Аға-ау!
Мен бұзақы балалармен төбелесіп өстім.
Ұяң болсам да.
Сабағымды жақсы оқыдым. Қиялдасам да.
Жақсылық та жүрекке зиян ба сонда?!
Жағамды да жыртқызып ерегесіп өстім.
Сөзім бар деп сөзуар атандым.
Төзім бар деп тағдырға тап болдым.
Жақсыға да, жаманға да жақ болдым.
Соңында… жылауға шақ қалдым.
Қос уысықа сиғыза алмаған жүрегім бар еді.
Жат ырысқа сарқыған сезімім бар еді.
Жүрек бөлерде қолыма уыс деп қарағам жоқ.
Сезімім шашарда жатқа жат деп қарағам жоқ.
Бәрі соның білместіктің әлегі.
Талай адам басымнан сипады.
Еркелеп «Аға!» дедім.
Талай адам маңдайымнан сүйді.
Еркелеп… «Аға!» дедім.
Бәрі оның бағалы еді.
Соңында
Жақсы көргеннің жетегінде кеттім.
Жақсы көрмегеннің өсегінде кеттім.
Маған керегі махаббат еді.
Сүйгеніме де кеселіммен жеттім.
Білместік түбі қараң екен, А-ға!
Ал сен…
Құрсақта шетінеп кетпей… өмірге келуің керек еді.
Саған «Аға!» деуім керек еді…
А-ға!
ПІКІР ЖАЗУ