МАҢЫЗДЫ

Адвокаттар айқасы: Шерзат Болат ісінде келіспеушілік шыңына жетті

Талдықорғандағы атышулы Шерзат Болат ісінде жәбірленуші тараптың адвокаттары өзара келіспей, бір-бірімен келісе алмай жатқан сыңайлы. Соның салдарынан қорғаушылардың бірі істен шеттетілген, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Qaz365.kz порталына сілтеп. Әлеуметтік желілерде қорғаушылар тобының мүшелері бірінен соң бірі бұл істен шеттетіліп жатқаны туралы жазбалар тарады. Адвокат Бағдат Амандосұлының айтуынша, ол он жылдан астам уақыт бойы түрлі сот процестеріне қатысып келе жатқан тәжірибелі маман. Шерзат Болат ісіне араласу ұсынысын да үлкен жауапкершілікпен қабылдаған.
– Алайда кейін түсініксіз себептермен үн-түнсіз шеттетілдім. Сот – бұл шоу емес, мұнда адам тағдыры шешіледі. Мен аптасына екі рет сотқа қатысып, басқа күндері куәгерлерге сұрақтар дайындаумен, істі талдаумен айналыстым. Барымды салып жұмыс істедім. Бірақ бұл істі өз атағы үшін пайдаланып жүргендерге кедергі болғандаймын. «Сотта тек мен сөйлеймін, мен ғана пікір білдіремін, қарсы шыққандар істен шеттетіледі» деген талаптар айтылды, – дейді ол.
Бағдат Амандосұлы сот процесін шоуға айналдыруға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, оның кәсіби пікірі ескерусіз қалған. Кей әріптестері де соның сұрақтары мен өтініштері үшін шеттетілгенін алға тартты.
– Бұл эго мен монополияға негізделген тәсіл деп есептеймін. Мен бұл іске ақиқат үшін келдім, біреудің имиджін қалыптастыру үшін емес. Сондықтан бұған көнбеймін, – дейді ол.
Адвокат бұл жағдайға нақты кімнің қатысы бар екенін ашып айтпады. Алайда әлеуметтік желі қолданушылары оны қорғаушылар тобының жетекшісі Мейірман Шекеевпен байланыстыруда. Бұған дейін адвокат Жандос Палманов пен Нұрболат Ибраевтың да істен шеттетілгені айтылды.
– Халық маған сенім артты. Шеттетілгеніме байланысты олардың көңілі қалды. Бірақ мен біреудің көлеңкесінде қалғым келмейді. Бұл істі хайп құралына айналдыруға болмайды, – деді Бағдат Амандосұлы.
Барлық жаңалық