Ақиқатты сүйемін Тәңір жайлы!…

Азамат Әлібек 1999 жылы 8 наурызда Кентау қаласында дүниеге келген. Облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи ат. Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің студенті.

Күз және сен жайлы

     «Әйтеуір бір сап-сары дүние…»
(Әділ Ботпанов).

Күз кешегі керуені көктемнің,
Жапырақтар сағыныштың үлгісі.
Өлең сенің жан-дүниеңдей мөп-мөлдір,
Жаңбыр сенің көз жасыңның құрбысы.

Жауса жаңбыр, жылағаны ол аспанның,
Жұбатайық жапырақты, тамшыны.
Тіршіліктің бәрі күзден басталды,
Күз — ертегі. Күз — ғашықтар маусымы.

Мәнін күзден іздейміз кеп жалғанның,
Сен келдің де аяулы еттің тағдырды.
Мөлдір моншақ кірпігіңнен тамған мұң,
Жақсы көрем көз жасыңдай жаңбырды.

Таптым сені жұлдыз жарық кезеңнен,
Сүттей аппақ үмітімнің сыйы едің.
Саған ғашық жан едім мен ежелден,
Күзді сен деп, сені күз деп сүйемін.

Жан-дертімді өзің келіп жазғасын,
Жүрек қалай жапырақтай жылайды?
Құлатпайық күз моншағын, көз жасын,
Жылатпайық жүректегі құдайды…

Жауса жаңбыр, жылағаны ол аспанның,
Жұбатайық жапырақты, тамшыны.
Тіршіліктің бәрі күзден басталды,
Күз — махаббат… Күз — сағыныш маусымы.

***

Романс

«Өмір өзі-ақ өлтіреді сен мені,
Өлтіріспе жарығым!»…

(Мейірхан Ақдәулетұлы).

Сөнбейді деп сенімнің шырағданы,
Кім алдады? Иә, рас кінәм бары.
Сағынышым айналып сандыраққа,
Көз ұшында сәттердің мұнарлауы.

Заңдылық па екі әлем тоғыспауы?
Бәлкім бізді көрінбес тор ұстады.
Періштем деп атауға серт бермеймін,
Пендешілік еткен жоқ періште әлі.

Құлазып ой, тоңып тән, құрып сүлдер,
Бәлкім бізді айырды күдікшілдер.
Менің жаным бірге ұшып кететіндей,
Үп еткенде шашыңнан үмітсіз жел.

Солғандай-ақ жүректің гүл күлтесі,
Сонсоң мыйда Мәжнүннің күңгірт есі.
Кездестірер әйтеуір «Мың бір түнім»,
«Мың бір күнім» немесе «Мың бір кешім».

***

Сол бір түн.
Шексіздік.
Айнала.
Жалғыздық.
Гөзел.
Сәт.
Қараңғы.
Өмірге өлең боп байланам,
Сонан соң батырам қарамды…

Жылуын сездіріп Ай ғана,
Құс жолы бұрымын таранды.
Күнәм мен күмәнді ой ғана,
Мысықша тырнайды жарамды.

Досым көп аянбас көмегін,
Жауым көп ізімді аңдыған.
Сол түннің жоғалтып дерегін,
Көзімді тарс жұмып қалғығам.

Бақыттың заһарын жұтып қап,
Күнәмді әлемге жаярмын.
Сол бір түн бетімнен қытықтап,
Елесің оятты.
Ояумын.

Көргенше өлердей асығам,
Жұп қылмас тағдырға қырсығып.
Күнәмді несіне жасырам(?)
Менсіз де тазармас тіршілік.

Үміт — ол желге ұшар үлпілдек,
Тәңірден сен жайлы сұрағам.
Айнаға қараймын күлкім кеп,
Әлемді арылтып күнәдан.

Күнәсіз демеңдер күнәм бар,
Күмәншіл іңірде күйреген.
Балауса сезімге құмарлар,
Сол түнгі жұлдыздай сиреген.

Сүймесін дедің бе?
«О, жынды»…
Өзіңнен өзгесін бақылап.
Сол бір түн соқыр қып көзімді,
Сен неге ояттың?
— «Ақымақ».

***

Intro

Бүгін тағы ой кездім, көз ілмедім,
Жанымды ұғар дейсің жақыным қай?
Кеуде ішінде тұншыққан сезімдерім,
Бөлме ішінде шыңғырған ақылымдай.

Шаршаймын кейде барлық кідірістен,
Жалығамын тоқтаусыз жүгірістен.
Өмір жолы — күтпеген кездесулер,
себепсіз қоштасулар, түңілістер…

Мұңлығындай ғасырдың күйген кезім,
Ешкім аяқ баспаған бір мекенге,
Шығып кеткім келеді үйден безіп,
Жан әйнегін аяймын кірлетем деп.

Иллюзия — бақыт пен сордың мәні,
Мұңнан да ауыр санаға жат ұғымдар.
Құдайға апаратын жолдың бәрі,
Жүрек деп аталатын шақырымдар.

***

Эйфория

Жан қиналар кезеңді елемей көп,
Ғұмыр кешіп келеміз сағынышпен,
Саңылауын сананың көлегейлеп.

Сығалайды ессіздік, бозбала мұң,
Түйсігімде бір шаттық кемсең қағар,
Бейуақытта жоғалта жаздағаным.

Қай тарапты бетке алсам жарық әр шам?
Мені бәлкім жолымнан адастырды,
Жалғыздарды Құдай деп таныған шақ.

Жұпар иісі гүлдердің елтеді кіл,
Ауық-ауық күрсінем даланы аңсап,
Айықпайтын кеудемнің дерті еді бұл.

Қайырылмас бағзы миф, өткен аңыз,
Жұмақ- тамұқ, ақ-қара… жаға жыртып,
Көбелектей күйгелек боп барамыз.

Азғын ойлар ұйқымды көп ұрлайды.
Бәрі де енді басталды… Сүйемін мен
Ертегіні өмір мен өлім жайлы.

Ақиқатты сүйемін Тәңір жайлы!..