Сәуір айында Қазақстандағы күнкөріс минимумы 54 408 теңгеге жетті. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сүйенсек, көрсеткіш 2%-ға артқан, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бюроның есебіне сәйкес, 18 жастан асқан ерлер үшін минимум – 64 759 теңге, әйелдерге – 51 424 теңге. Балалар мен зейнеткерлер үшін де бөлек есеп бар. Мысалы, 14–17 жас аралығындағы ұл балаға – 68 664 теңге, қыз балаға – 52 614 теңге қажет деп көрсетілген.
Өңірлерде де айырмашылық бар. Маңғыстау облысы көш бастап тұр – 63 117 теңге. Ал Қызылорда – ең төмен көрсеткішпен шектелді – 48 477 теңге. Бұл айырмашылықтар өңірлік инфляция мен өмір сүру құнын көрсетуі керек еді, бірақ халықтың нақты қажеттіліктерімен сәйкестігі жиі күмән тудырады.
Күнкөріс минимумы – жай ғана статистика емес. Ол жәрдемақы, зейнетақы мен ең төменгі жалақыны есептеуде негізгі көрсеткіш. Сондықтан бұл цифрдың шындыққа жақын болуы – әлеуметтік әділеттіліктің басты шарты. Ал әзірге өзгерген – тек пайыз, тұрмыс емес.
Өңірлер бойынша күнкөріс минимумы:
– Маңғыстау облысы – 63 117 тг (+1,1%)
– Алматы облысы – 58 987 тг (+2,6%)
– Астана – 58 011 тг (+1,8%)
– ШҚО – 57 794 тг (+1,7%)
– Алматы қаласы – 56 833 тг (+3%)
– Ұлытау облысы – 55 933 тг (+2,1%)
– Ақмола облысы – 54 828 тг (+2,4%)
Орташа деңгейден төмен орналасқан өңірлер:
– СҚО – 53 509 тг
– Абай облысы – 53 499 тг
– Қарағанды облысы – 53 307 тг
– Шымкент – 53 240 тг
– Жетісу облысы – 53 188 тг
– Жамбыл облысы – 51 891 тг
– Павлодар облысы – 51 741 тг
– Түркістан облысы – 51 097 тг
– Қостанай облысы – 50 903 тг
– Атырау облысы – 50 341 тг
– Ақтөбе облысы – 48 791 тг
– Батыс Қазақстан облысы – 48 784 тг
– Қызылорда облысы – 48 477 тг
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру