Қоғам

«Желілік маркетингтің шындығы»: Кедей халықты пайдаланып қалтаны толтыратын кәсіп көзі

Еліміз желілік маркетингтің құрбанына айналғанына қаншама уақыт болды. Әсіресе, жұмыс іздеп жүрген халықтың соңынан қалмайтын жарнамалардың түр-түрі әлеуметтік желілер мен ғаламторды жаулап алған. Одан қала берді, үйлердің кіреберістері мен бағаналарына дейін жоғары жалақы төлеуге уәде ететін хабарландырулар ілінген. Желілік маркетингтің не екенін халық естіп, тіпті білсе де, әлі де олардың торына түсуден жалықпайды. Неге? Ozgeris.info тілшісі осы тақырыпты жан-жақты зерттеп көрді.

Желілік маркетинг елімізге 1990-жылдары келе бастады. Осы кезде халықаралық компаниялар жаңа кәсіп түрін елімізге енгізу арқылы, тікелей сату жүйесін дамыта бастады. Сол уақыттан бері МЛМ индустриясы дамуын тоқтатқан емес. Қазіргі таңда Қазақстанда 150-ден астам отандық және шетелдік желілік компаниялар жұмыс істейді. Олардың қатарында Amway, Oriflame, Tiens, QNET, G-Time Corporation, Toplife сияқты танымал брендтер бар. Ал олардың қатары жыл сайын жаңа атаулармен толығуда.

Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы Қазақстандағы тікелей сату нарығының көлемі 493 миллион долларға жеткен. Олардың даму қарқыны расымен де күшейіп барады. Мысалы жақында тағы бір желілік түрік компаниясы отандық нарыққа енді.  «Xaura Global» деп аталатын компания денсаулық пен сұлулыққа арналған өнімдерді өндіріп, сатумен айналысады. Компания өз өнімдерін физикалық және менталдық жағдайды жақсартуға бағытталған құралдар ретінде ұсына отырып, кең ассортимент ұсынады.

Компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, ол да желілік маркетинг моделін қолданады екен.  Яғни кез келген адамға тәуелсіз дистрибьютор болуға мүмкіндік беріп, өнім сату арқылы да, жаңа қатысушыларды командаға тарту арқылы да табыс табуға жол ашамыз деп сендіріп отыр.

Бұл қалай жұмыс істейтінін анықтау үшін Ozgeris.info тілшісі аталмыш компанияның өкілінен сұрап білді. Сұрақ қоймай жатып, ол бірден компанияның қандай керемет екенін мақтай бастады. Бұл желілік маркетингтің жұмыс істеу әдісі.

«Бізде тауар. Өте керемет нәтижелер болып жатыр. Өкінбейсіз. Ақшасы да керемет. Сіз қай қаладан боласыз? Сіз сондай жас, әдемі екенсіз. Бізде де көбінесе жастар істейді. Бұл компанияның косметикасы бренд, өте күшті. Одан басқа мансапта өсесіз,  жеке тұлға ретінде дамисыз», - деп жауап жазды компания өкілі.

 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Айман Нуртаевна (@blackbrilliant56)

Шетелдік компаниялардан бөлек, отандық кәсіпкерлер де желілік маркетингтің дамуына үлесін қосып келеді. Мысалы  айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева 2025 жылдың ақпан айында бауырлары Дархан және Ардақ Тұрсынбаевтармен бірге «SAAD» атты отандық желілік маркетинг компаниясын ашты. Компанияның атауы «Семья», «Айнұр», «Ардақ», «Дархан» сөздерінің бас әріптерінен құралған.

«СААД компаниясы — мыңдаған адамдарға табыс көзі, жүзмыңдаған адамдарға сапалы өнім, миллиондарға денсаулық пен сұлулық сыйлайтын мүмкіндік деп сенеміз. Экономикамызға пайдалы, яғни, миллиардтаған долларлар шетке кетпейді, керісінше, сырттан үлкен қаржылардың құюлуына себеп болмақ», - деп пікір білдірген еді ақынның досы Балғынбек Имашов.

SAAD компаниясы денсаулық, сұлулық және тұрмыстық өнімдерді ұсынады. Айнұр Тұрсынбаева бұл жобаны «қазақтың тұңғыш классикалық маркетингпен құрылған компаниясы» деп атап, отандастарын шетелдік желілік компаниялардан гөрі отандық өнімді таңдауға шақырды. Айнұр Тұрсынбаева өзінің компаниясына халықты оңай тіркеп жатыр. Себебі айтыскер ақынның әлеуметтік желідегі парақшасында 4 миллионнан аса оқырманы бар.

«Позор болып басқа елдің сетевойында жүрмейік…Тұңғыш қазақтың классикалық маркетингпен құрылған компанияға тіркелу басталды», — дейді ол.

 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Айнұр Тұрсынбаева (@aidyn_nury)

Әрине, бүгінгі таңда танымал болудың пайдасы зор. Танымал, сөзі қоғамға өтетін тұлғалардың артынан қарапайым халық еш күмәнсіз жүре береді. Соның бір дәлелі осы отандық желілік компания. Танымалдылығы сонша, аз уақыт ішінде Instagram желісінде 500 мыңнан аса оқырман жинап үлгерген. Дегенмен желі қолданушылары бұл компанияның болашағына күдікпен қарап, «халықты қораға кіргізу басталды» деп жазуда.

Кәсіпкер Арман Тосқанбаев та «Marine Health Group» желілік компаниясының негізін қалаушы және президенті. Компания денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді және желілік маркетинг жүйесін қолданады. Marine Health Group табиғи өнімдер мен инновациялық технологияларды ұсына отырып, халықаралық нарықта да өз орнын табуға ұмтылуда. Арман Тосқанбаевтың айтуынша, компанияның мақсаты адамдардың өмір сапасын жақсарту және денсаулықты нығайту.

Былтыр Арман Тосқанбаевтың былығын әшкерелейтін мақала жарық көрді. Өзін табысты миллионер етіп көрсететін инфоцыған және пирамидашы күмәнді БАД-тарды сата бастады деп жазылған.  Ал 2021 жылы baxov.net порталы «Marine Health Group желілік маркетинг пе, әлде алаяқтық па?» деген әшкерелеуші мақала жариялаған. Осындай мәліметтерден соң онсыз да сенімі төмен халықтың үміт оты тіпті сөнгенге ұқсайды. Бұл ретте компания 6 жылдығын тойлап жатқан сәтін мақтана жазып жатыр.

Кедей халықты пайдалану тиімді

Желілік маркетингтің не екенін халық жақсы біледі. Опық жесе де, ең сорақысы, халық әлі күнге дейін осы компанияларға көбелекше ұмтыла береді. Неге? Жеке кәсіпкер Айжан Нұрмашеваның пікірін сұрап білдік. Оның айтуынша, кедей халықты алдау өте оңай.

«Кедей халықтың аталмыш компанияларға құмар болуының бірнеше себебі бар. Оларға оңай әрі тез байып кетесіз деп сендіреді. Бұл жерде лудомандардың жағдайы сияқты. Аз салып, миллион табу психологиясы деп ойлаймын.  Олар белгілі бір сомаға тауап сатқызап, кейін оны сатуға көмектесеміз деп қызықтырады. Ал кедей адамның ой-өрісі де сондай. Ол тез байып кетуді ғана ойлап, осындай қулықтарға тез алданады», - дейді кәсіпкер.

Желілік маркетингтің құрығына жиі түсетіндер, ең алдымен жұмыссыз азаматтар. Одан кейін балаларының көмегінен қағылған зейнеткерлер мен жалғызбасты адамдар. Себебі аталмыш компанияларға кіру үшін қатаң тәртіп жоқ. Жас аралығы 18-ден 75-ке дейін. Одан басқа түрлі психологиялық тренингтер және кедейліктен байлыққа қол жеткізген компания өкілдерінің тарихтарын айту арқылы халықты ұстап отыру желілік компания үшін қалыпты жағдай.

«Қазір желілік маркетингке сенбеймін, ол өзін бұрыннан ақтамады. Ал қазір тіпті беделі жоқ. Бәріне белгілі, желілік маркетингте әрқашан саған бірдеңе сатып алуға мәжбүрлейді. Өйткені сатушыларға жоспар орындау керек, ал саған қысым жасайды, мынаны ал, ананы ал деп. Мен блогерлерді көп бақылап жүрдім. Олар түрлі тауарларды әлеуметтік желілер арқылы сатуға тырысты, бірақ адамдар желілік маркетинг арқылы сатып алғысы келмейді, сол себепті жұмыстары жүрмей қалды. Қазір маркетплейстердің арқасында желілік маркетинг біртіндеп жоғалып бара жатыр. Бұрын сөзсіз, өзекті болатын, себебі маркетплейстер дамымаған, интернет те кең таралмаған заман еді. Қазір Қытайдың өзі нарықты толтырып тастады, адамдарда таңдау көп. Шынымды айтсам, қазіргі желілік маркетингте бұрынғыдай ассортимент те жоқ», – дейді біздің спикер.

Желілік маркетингтің қармағына түскендердің қарасы көп. Біздің тағы бір кейіпкеріміз Анара Қорғанбекова (есімі өзгертілген) 2018 жылы сол кезде атағы жер жаратын «Тяньши» компаниясына қалай кіріп кеткенін байқамай қалғанын айтты. Осылайша қарыздар мен несиеге батқан кейіпкеріміз өз оқиғасымен бөлісті.

«Мен Павлодардан Астанаға жақсы өмір іздеп келген едім. Жанымда досым бар. Бар жиған-тергенімізді алып, пәтер жалдап тұрдық. Жұмыс іздеп жүрген уақытта, досым газеттегі жарнама арқылы осы компанияға тап болды. Жарнамасы керемет енді, жоғары жалақы, қолайлы жұмыс кестесі, карьералық өсім. Соған сенген досым артынша мені де сол компанияға шақырды. Алайда тіркелу үшін міндетті түрде қомақты қаражат салу керек болатын. Ол 100 мың теңгеге, мен 500 мың теңгеге тіркелеміз деп шештік. Көбірек ақша салсаң, кірісі де көп болады деп сендірген еді. Солай екеуміз таныстарымыздан қарыз алып, несие рәсімдеп кірдік. Бізге қырауар тауар берді, оны сата алмадық. Бірнеше ай өткен соң ешқандай пайда да таппадық, ақшамызды да қайтара алмадық. Ішетін тамағымызға, жолымызға, пәтерімізді төлейтін ақша болмай, одан бетер қарызға кіріп кеттік. Пәтердің ақшасын төлей алмағандықтан, бізді шығарып жіберді. Баратын жер таппай, сандалдық. Ал компания өкілдері, "наставник" деп атайтынбыз, бізден адамдарды қалай да болса шақырып, кіргізіңдер, сонда ғана ақша табасыңдар деп талап қойды. Олар сенің жағдайыңды ойламайды да. Адамдарды алдай алмайтынымды түсіндім, олардың өзім сияқты жағдайға түсуіне жол бергім келмеді, ақшамды жолатсам да, қашып кеттім», - дейді біздің кейіпкер.

Желілік компаниялар құрбандарын қалай таңдайды?

Біріншіден, Қазақстанда халықтың едәуір бөлігі тұрақты табыстан айырылған немесе жұмыссыз. Мұндай жағдайда адамдар кез келген табыс көзіне сеніп, соған үміт артады. Желілік маркетинг компаниялары осы әлсіздікті тиімді пайдаланады.

Екіншіден, халықтың қаржылық сауаттылық деңгейі әлі де төмен. Көп адам жеңіл табысқа сеніп, компанияның шынайы табиғатын түсінбей қалады. Уәде етілген “тез байып кету” мүмкіндігі халықтың үмітіне айналып, шынайы еңбекпен табыс табуға деген ұмтылысты басып тастайды.

Үшіншіден, заңнамада мұндай компаниялардың қызметін нақты реттейтін тетіктер әлсіз немесе мүлде жоқ. Нәтижесінде алаяқтыққа жақын жүйелерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр.

Төртіншіден, сарапшылардың пікірінше,  шетелдік компаниялар Қазақстанды ТМД елдеріне таралу үшін “сынақ алаңы” ретінде де қарайды. Мұнда нарық әлі толық зерттелмеген, сондықтан халықпен жұмыс істеу, оларды көндіру оңай.

Қорытындылай келе, шетелдік және отандық желілік компаниялар үшін халықтың экономикалық жағдайының төмендігі мен ашкөздігі өте тиімді болып отыр. Себебі кедей адам - тығырыққа тірілген, үміті сөнген адам. Олар "тез баю" және "пассив табыс" деген сөздерге сеніп, манипуляция құрбандарына айналады. Ал желілік компаниялар мен қаржылық пирамидалар сендірудің шеберлері. Олар мотивациялық тренингтер арқылы адамдарды бай болуға иландырады. Жеке басының жетістіктерін мысал етіп, "сенің де қолыңнан келеді" деп шабыттандырады. Салдарынан халықтың ең осал топтарына жататын жұмыссыздар, зейнеткерлер мен жалғызбасты адамдар торға түседі де қалады.  Сондықтан желілік компаниялар аталмыш халықтың үмітін, білместігін, тығырыққа тірелген сәтін пайдаланатын жолды өздерінің құралдарына айналдырып алған.

Барлық жаңалық