Жалақы алған сайын, көпшілігіміз оны толықтай өзімізге тиесілі деп санаймыз. Алайда, шын мәнінде, жалақыңыздың белгілі бір бөлігі мемлекетке салық және әлеуметтік төлемдер ретінде аударылады. Бұл төлемдер не үшін қажет? Олар сіздің әлеуметтік қорғалуыңызды қамтамасыз етіп, болашақтағы қаржылық тұрақтылығыңызға кепілдік береді. Қаржы саласының маманы Балжан Бақытқалиқызы бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндіреді, деп жазады Ozgeris.info.
– Әрбір қызметкердің жалақысынан бірнеше төлем ұсталады. Біріншіден, міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) – жалақының 10%-ы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылады. Бұл сіздің болашақ зейнетақыңызға жинақталады. Яғни, бүгінгі еңбегіңіздің бір бөлігі сіздің қаржылық қауіпсіздігіңізге сақталады. Екіншіден, жеке табыс салығы (ЖТС) – 10%. Бұл мемлекетке төленетін салық. Бірақ барлық табысқа бірдей 10% салық салынады. Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшерінде (2024 жылы – 85 000 теңге) табыс тапсаңыз да, салық төлейсіз. Яғни, нақты төленетін салықтан белгілі бір шегерімдер жасалады. Үшіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – 2%. Бұл төлем сізге тегін медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді. Яғни, сіздің денсаулығыңызға қажетті медициналық қызметтерді алу үшін сақтандыру қоры қалыптасады, – дейді сарапшы.
Көпшілік қызметкерлер тек өз жалақысынан төлем жасайды деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Жұмыс беруші де сіз үшін бірнеше төлем жасайды. Қандай екенін жіктеп қарастырайық.
– Біріншіден, әлеуметтік аударым – 5%. Бұл төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) түседі. Егер сіз еңбекке жарамсыз болып қалсаңыз, декреттік демалысқа шықсаңыз немесе жұмыссыз қалсаңыз, осы қордан жәрдемақы аласыз. Екіншіден, әлеуметтік салық (ӘС) – 11%. Бұл жұмыс берушінің мемлекетке төлейтін салығы. Ол бюджеттік әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға бағытталады. Үшіншіден, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) – 2,5%. Бұл 2024 жылдан бастап енгізілген жаңа төлем. Бұл жүйе жұмысшының зейнетақы жинақтарына қосымша қаржы жинақтауға бағытталған. Төртіншіден, кәсіби міндетті зейнетақы жарнасы (КМЗЖ) – 5%. Егер сіз зиянды өндірісте жұмыс істесеңіз, жұмыс беруші қосымша 5% аударуға міндетті. Бұл сіздің денсаулығыңызға қауіп төндіретін жұмыстарда еңбек ететіндерге арналған. Бесінші – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – 3%. Жұмыс беруші сіздің медициналық сақтандыруыңызды жақсарту үшін де қосымша 3% төлейді, – деп түсіндірді Балжан.
Ал жалақы кешіктірілсе не істеу керек? Еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші сіздің еңбегіңіз үшін белгіленген мерзімде төлем жасауға міндетті. Егер жалақыңыз кешіктірілсе, жұмыс берушіден ресми түсініктеме талап етіңіз. Егер бұл мәселе шешілмесе, еңбек инспекциясына немесе сотқа шағымдануға құқығыңыз бар. Әр кешіккен күнге өсімпұл талап етуге толық заңды негізіңіз бар. Жұмыссыз қалсаңыз, мемлекеттен қандай төлемдер аласыз? Егер сіз ресми жұмыс істеп, жалақыңыздан тиісті әлеуметтік аударымдар жүргізілген болса, жұмыссыз қалған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы алуға құқылысыз. Оның мөлшері сіздің соңғы 24 айдағы орташа жалақыңызға және қорға аударылған төлемдерге байланысты есептеледі. Көпшілігіміз «Неге жалақымның бір бөлігі салыққа кетіп жатыр?» деп ойлаймыз. Бірақ бұл төлемдер сіздің әлеуметтік қорғалуыңызды, болашақта зейнетақы, медициналық қызметтер және жұмыссыздық жағдайында қаржылық көмек алуыңызды қамтамасыз етеді. Жалақыңыздан ұсталған әрбір тиын – сіздің болашағыңыздың кепілі.