Отбасы банктің жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтінім қабылдайтын платформасы іске қосылды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.
«Субсидиялау бағдарламасының 17 000 қатысушысы «Отбасы Банк» АҚ-нан («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) өтінім беру процесін тестілеуге қатысу туралы SMS-шақырту алды. Сәуір айының ішінде олар онлайн режимде өтінім тапсырып, банк мақұлдауын алулары қажет. Оны otbasybank.kz порталында («Баспана маркет» маркетплейсі) «Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде жасау керек. Жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасының шарттарына сәйкес келетін барлық қазақстандықтар мамыр айында otbasybank.kz платформасында өтінім бере алады»,– делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады:
— 1 және 2 топтағы мүгедектер;
— мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
— жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
— көп балалы отбасылар.
Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 36 018 теңге 01.01.2022 ж. жағдай бойынша) аспауы тиіс.
«2022 жылы азаматтарымызды қолдауға 50 млрд теңге қарастырылған. Оның 40 млрд теңгесін республикалық бюджеттен алу көзделсе, 10 млрд теңгесін жергілікті әкімдіктер бөледі. Бюджеттен қаржыландыру мамыр айында күтілуде. Жаңа бағдарлама шамамен 70 000 адамды қамтымақ, олар жалдау ақысының 50% алады. Қазақстандықтар қысқа мерзімде, кезексіз өтінім берулері үшін біз бүкіл процесті онлайн режиміне аудардық», — деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.
ПІКІР ЖАЗУ