3700 шаршы метр авто-тұрақтың құрылысына қанша қаражат шығындалуы мүмкін? Ол, әрине құрылыс заттарының бағасы мен жұмысшылардың еңбек ақысына байланысты. Бірге қарастырып көрелік.
Жобалық-сметалық құжаттар бойынша:
— Қиыршықтас және құм қоспаларынан жасалған негіздер мен жабындар 1 қабат, қалыңдығы 12 см. 3700 шаршы метр алаңға 12 см қалыңдыққа 540 куб қоспа қажет. Құны, ары кетсе, 1 миллион.
— Ыстық асфальт-бетон қоспаларынан 4 см қалыңдықта төселу керек. 4 см-лік қалыңдықта 100 шаршы метрге 10 тонна асфальт қажет, құны 201 000 теңгені құрайды. Демек, 3700 шаршы метрге құны 7 437 000 теңгені құрайтын асфальт-бетон қоспасы қажет.
Аталған шығындарға жұмысшылардың еңбекақысын қосамыз. Құрылыс заттарына жұмсалған қаржымен бірдей шығын кетті деп есептейік, сонда 16 874 000 теңге болады. Техниканы жалға алу және басқа да майда шығындарға 3 миллион қосамыз. Жалпы 20 миллион шығын болады.
Демек, 1 шаршы метрдің құны- 5 405 теңге. Бірақ біз маман болмағандықтан, есепте қателесуіміз әбден мүмкін. Сондықтан да, әр шаршы метрдің құнын анықтау үшін біз жеке-меншік құрылыс компанияларының көмегіне жүгіндік. Жеке компаниялардың бағалауынша, жобалық-сметалық құжаттардағы талаптарды сақтай отырып, құрылыстың әр шаршы метрі 5,5-6 мың теңге болатынын хабарлады. Яғни, 3700 шаршы метр алаңда авто-тұрақтың құрылысы 20 350 000 – 22 200 000 теңге болады. Бұл баға қосымша құн салығымен қоса есептегенде.
Тым арзан. Сондықтан да, қиялдарымызды барынша қосып, асфалт орнына гранит тасын қолданайық. Әдемі және мәңгілікке болсын деген ниетпен. Гранит тасының құны, атқаратын жұмыспен бірге, шаршы метріне 20 000 теңге. 3 700-ді 20 000-ға көбейтеміз, нәтижесінде 74 000 000 теңге болады. Әрине, гранит тасынан авто-тұрақ жасау асыра сілтеушілік, бірақ соның өзі 74 миллион болып тұр.
Ал енді Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» және «Түркістан жарық-тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында 2022 жылы 19 шілде күні түзілген келісім-шартқа қарайық. Жобалық-сметалық талаптары сол күйінде, бірақ бағасы 308 285 163 теңге.
3700 шаршы метр алаңға гранит тасы төселген авто-тұрақтың бағасы небәрі 74 миллион теңге болады. Бірақ Түркістан қаласының әкімшілігінің тапсырысы бойынша асфальт төселген тұрақтың құны 308 миллион теңге. Яғни әкімдіктің тапсырысы бойынша, тұрақтың әр шаршы-метрі 83 320 теңге болып тұр.
Әрине, егер өнім беруші осындай бағаны ұсынып, тапсырыс беруші келісіп отырса, демек нарықтағы баға осылай деп айтуға болар еді. Бірақ бұл келісім-шартта кішігірім, дегенмен де, маңызды тұсы бар- келісім конкурс негізінде түзілмеген. Яғни «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңның 39 баб 3 тармақ 56 тармақшасы негізінде бір көзден алу тәсілімен тікелей шарт жасасу жолымен түзілген.
Заңдағы 56 тармақша нені білдіреді? Бұл демек, Үкіметтің қаулысы бойынша конкурстан тыс тікелей келісім-шарт түзуге болатын өнім беруші компаниялардың тізімі бар. Түркістандағы құрылыс нысандарының басым көпшілігі осы тармақша негізінде іске асып жатыр. Яғни, ешқандай бәсекесіз, конкурс өткізбей.
Жеке құрылыс компаниялары 3700 шаршы метр авто-тұрақты екі күнде 20-22 миллион теңгеге салып беруге дайын. Ал конкурссыз, тікелей әкімдіктің тапсырысы бойынша тұрақ құрылысының құны 308 миллион. Жеке компаниялар әр шаршы метрін 5,5-6 мың теңге десе, тікелей жасалған келісімде 83 320 теңге. Айырмашылығын сездіздер ме?
1 қыркүйек Президент өз жолдауында мемлекеттік сатып алу процессін өзгерту керектігін мәлімдеген болатын. Жаңа тәртіпте 56 тармақша секілді заңды бұзбай елді тонауға болатын мүмкіндіктердің күшін жою қажет. Әйтпесе айдың-күннің аманында аш-жалаңаш қаламыз.
Амангелді Қалыбек
«Әділдік жолы» РҚБ Түркістан филиалы жетекшісі
ПІКІР ЖАЗУ