Жаңалықтар

Вице-премьер Серік Жұманғарин 10 мың теңгелік жейдесі сатып алды

Астанада өткен Ulttyq ónim көрмесінде вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 10 мың теңгеге жейде сатып алды. Отандық өндіруші Dalatex тігін фабрикасының қарапайым ақ жейдесі министрдің назарын аударды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Министр жейдеден бөлек, былғары белдіктерге де көз салды, бірақ сатып алған жоқ. Көрмеге қатысқан басқа компаниялар да оған түрлі өнімдерін ұсынды. Бірақ Жұманғарин тым көп зат алмады. Жұманғарин көрме барысында шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы айтты. Оның айтуынша, 2025 жылы мемлекет IT, логистика, туризм, тамақ, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібін қолдауға басымдық береді. Көрмеге 350 компания қатысқанымен, олардың барлығы мемлекеттен тең дәрежеде қолдау алып отыр ма деген сұрақ туындайды. Кейбір өндірушілер «Даму» қорының көмегіне жүгінсе, басқалары жеке қаражатымен күн көреді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы 29,5 мың шағын және орта бизнес жобасы қаржыландырылды. Несиелердің жалпы көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, 9,7 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл ресми мәліметтер. Бірақ осы цифрлардың ар жағында не тұр? МСБ иелері жоғары пайыздық мөлшерлемелерден, әкімшілік кедергілерден, бәсекелестіктің төмендігінен жиі шағымданады. Ал кейбіреулер үшін көрмеге қатысу – өзін танытудың жалғыз мүмкіндігі. Серік Жұманғариннің 10 мың теңгелік жейде сатып алуы қарапайым әрекет сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл шағын бизнеске деген назарды көрсетуге бағытталған бір қадам. Министрдің бұл әрекеті шағын өндірушілерді қолдауды насихаттау үшін жасалғаны анық.Алайда жейдені сатып алып, суретке түсу – бір нәрсе, ал МСБ-на нақты қолдау көрсету – мүлдем басқа мәселе.
Барлық жаңалық