Солтүстік Қазақстан облысында үй тапсырмасын орындамаған қызына анасы пышақ сұғып алған. Бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл оқиғаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Оzgeris.info тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Сұрағанованың айтуынша, 11 жастағы қыз бала үй тапсырмасын орындамай, дәптерге дұрыс жазу жазбаған. Анасы соған ашуланып, оған жекіген. Артынша өз қызының санына пышақ сұғып алған.
«Қазір баланың жағдайы жақсарды. Облыстық балалар ауруханасында жатыр. Оның ата-анасы алты бала өсіріп отыр, ата-әжесімен бірге тұрады», — деп жазды ол.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы оқиғаға қатысты ресми мәлімет таратты. Әкімдік пен комиссия ананы қалған балаларынан шеттету туралы шешім қабылдаған.
«Кәмелетке толмаған бала ауруханада жатыр. Оған психологиялық көмек көрсетеміз. Білім басқармасы арнайы комиссия құрды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы мен әкімдік ананы қалған балаларын үйде тәрбиелеуден шеттету туралы шешім қабылдады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», — деп хабарлады комитет.
ПІКІР ЖАЗУ