Қоғам

«Тұрғын үй саласындағы дағдарыс»: Жаңа кодекс халықтың мұңын шеше алады ма?

Еліміздегі тұрғын үй саласында қордаланған мәселелер бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының біріне айналды. Қабырғасы жарылған апатты үйлерде тұрып жатқан отбасылар, басқарушы компаниялардың әрекеті түсініксіз көпқабатты үйлер, жалға берілетін пәтерлердің құқықтық қорғалмауы сынды сұрақтар елдегі тұрғын үй қатынастарындағы жүйесіздіктің салдары. Ондаған жыл бойы тұрғын үй саясаты бір заңмен емес, бөлек-бөлек қабылданған ережелер мен бағдарламалар арқылы реттеліп келді. Соның нәтижесінде азаматтар өз үйіне иелік ету құқығын нақты түсіне алмай, тұрғын үй-коммуналдық жүйе сенімсіз әрі күмән тудырады. Осы жағдайды өзгерту мақсатында жаңа тұрғын үй кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат тұрғын үй саласындағы барлық қатынастарды кешенді түрде реттеуді көздейді. Сарапшылар бұл бастаманы Тәуелсіздік алғаннан бергі ең маңызды реформалардың бірі деп отыр. Бірақ кодекс шын мәнінде елдегі терең дағдарысты еңсере ала ма? Халық күткен тәртіп пен әділдік орнай ма? Жаңа құжат жүйесіздіктің орнына сенімділік пен жауапкершілікке негізделген жаңа тұрғын үй қатынасын қалыптастыра ала ма? Осы сұрақтардың жауабын Ozgeris.info тілшісі зерттеп көрді.

Тұрғын үй мәселесі жүйелі дағдарыс

Соңғы айларда жарық көрген материалдардан мысал келтірейік. Қостанайда әр бесінші көпқабатты үй иесі жоқ нысан ретінде тіркелген. Соның кесірінен олардың тұрғындары өз үйін ОСИ ретінде рәсімдей алмай отыр. Ол үшін алдымен бүкіл техникалық құжаттарды өздерінің ақшасына қалпына келтіруі керек. Қызылордада жүздеген отбасы апатты жағдайда өмір сүріп келеді. Қабырғалары жарылған, төбесінен су сорғалаған үйлерден басқа баратын жерлері жоқ. Жергілікті биліктің көшіреміз деген уәдесіне бірнеше жылдар болды. Бұл бір ғана жағдай емес, еліміздің кез келген өңірінде кездесетін жүйелі мәселе.

[caption id="attachment_50010" align="alignnone" width="910"] фото: Лариса БОЖКО[/caption] [caption id="attachment_50008" align="alignnone" width="1000"] Фото: Tengrinews.kz[/caption]

Яғни тұрғын үй саласын түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Осындай өзгерістің негізіне айналатын жаңа тұрғын үй кодексі әзірленіп жатыр. Талқыланып жатқан тұрғын үй кодексі осы мәселелерді шешуге бағытталған. Құжатты парламентаризм институты қабырғасында тәуелсіз сарапшылар мен депутаттар бірлесіп қарастырды. Екі жылдан атам уақыт бойы пысықталды. Жақында ғана жаңа норма үкіметке жолданды.

Көрші елдерде бар, бізде неге жоқ?

«Қазақстан Орталық Азиядағы тұрғын үй кодексі жоқ жалғыз ел. Біз әлі 1997 жылғы заңмен өмір сүріп келеміз. Ал Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Түркіменстанда мұндай құжат әлдеқашан қабылданған», — дейді «Қазақстан парламентаризмді дамыту қорының» президенті Зәуреш Батталова.

Жаңа кодекс бойынша әр үйдің цифрлық құжаты жасалады. Бұл бұрынғыдай есепшінің естеліктеріне сүйенбейді, электронды ғимарат картасы негізінде жүргізіледі. Шатырды жөндеу, лифт пен құбырларды ауыстыру сияқты барлық қызмет тіркеліп, шығындар ашық көрсетіледі. Басқарушы компания тұрғындардың бақылауында болады. Онлайн дауыс беру ғана емес, әрбір шығын бойынша толық есеп талап ету де мүмкін болады, деп сендіріп отыр жоба авторлары.

Сонымен қатар, жалға беру нарығы да заңдастырылады. Келісімшарт жасалса, құқықтық қорғау қарастырылады. Жалға беруші міндеттемелерін орындауаға міндеттеледі. Ал мемлекет кімнің нені жалға беріп жатқанын ашық көре алады.

Әлеуметтік сұрақтар да назардан қалмайды дейді сарапшылар. Студенттер, жас мамандар мен көпбалалы отбасылар үшін әлеуметтік баспана қолжетімді болуы керек. Қазіргідей бітпейтін кезек пен түсініксіз схемалар жойылады. Қазір бір үйді жылыту үшін жеті түрлі мекемеден рұқсат алу қажет болса, жаңа жүйеде бұл барынша жеңілдемек.

Кодекс не үшін керек?

Жоба авторларының айтуынша, бұл тек бюрократияны жою ғана емес, күнделікті өмірімізді қалпына келтіру, тәртіп орнату үшін маңызды.

«Мұндай процестердің барлығы заңмен нақты реттелуі керек. Сонда ғана кез келген азамат өзін қауіпсіз сезінеді. Мысалы Батыс елдерінде адамдар мүлік меншігі болғысы келмейді, себебі олар жалға алып отырған баспананың заң жүзінде қорғалғанын біледі. Уақытында төлем жасай алмаса да, мемлекет оларға қолдау көрсетеді. Бізде де, әсіресе әлеуметтік әлсіз топтар үшін, осындай жүйе болуға тиіс», — дейді Зәуреш Батталова.

Әлемдік тәжірибе не дейді?

Авторлардың айтуынша, аталмыш құжат Тәуелсіздік алған жылдан бергі ең прогрессивті жоба. Себебі құжатта әлемнің үздік тәжірибелері жинақталған. Мысалы Қазақстанда коммуналдық қызметтер жыл сайын қымбаттап жатыр, ал көрсетілетін қызметтің сапасы сол қалпы өзгермейді. Дамыған елдерде жағдай мүлде басқа.

Мысалы, Германияда тарифтер расында жоғары, бірақ тұрғындар әр тиынның қайда кеткенін нақты көре алады. Әрбір қызмет жазылып, төлем тарихы, талдауы мен жағдайы бәрі медициналық карта секілді көрсетіледі. Эстония мен Финляндияда тұрғындар барлық шығынды мобильді қосымша арқылы басқарады. Үйді жылыту қымбат болса, мемлекет субсидия бөліп, үйді жылытуға жағдай жасайды. Сингапурда энергия тиімділігі заңмен бекітілген. Құрылысшы жылу мен суды барынша үнемдейтін үй салуға міндетті.

Сенімділік пен жауапкершілік уақыты

Жаңа кодекс қабылданса, Қазақстанда да осындай жүйе құрылады деп үміттеніп отыр сарапшылар. Ең болмаса, талап етуге нақты негіз пайда болады. Құжатта барлық төлемнің ашықтығы, басқарушы компания жұмысының стандарттары және көрсетілетін қызмет сапасына жауапкершілік қарастырылған.

«Бізде мемлекеттік бағдарламалар бір жолғы акция сияқты өткізіледі. Мысалы, жастар бағдарламасы бірінші күні-ақ істен шықты. Қоғамда шешімін таппаған сұрақ өте көп. Қазіргі қолданыстағы заңда олар мүлде көрініс таппаған», - дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

Кодекс қымбатқа түсуі мүмкін

Жоба авторлары мұндай өзгерістер үлкен қаражатты талап ететінін түсінеді. Ал шенеуніктер үлкен шығындарға қарсы.

Қазақстанда бүгінгі күнге дейін бірыңғай тұрғын үй кодексінің болмауы тек заңнамалық техникалық мәселе емес, бұл тереңірек, жүйелі проблемаларды көрсететін индикатор. Бұл саладағы реттеулер түрлі заңдар мен нормативтік актілерге шашыраңқы орналасқан. Мысалы  “Тұрғын үй қатынастары туралы” заң, Азаматтық кодекс, Салық кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс және басқа да нормативтер бар. Олардың әрқайсысы тұрғын үй саясатының жекелеген қырларын қамтиды, бірақ біртұтас, жүйеленген құжат жоқ.

Бірыңғай кодекс не береді?

Біртұтас тұрғын үй кодексі тұрғын үй құрылысы, меншік құқығы, жалға беру, тұрғын үй қорын басқару, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, субсидиялар мен әлеуметтік тұрғын үй сияқты күрделі мәселелерді кешенді түрде реттейтін құжат болмақ. Мұндай кодекстер посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдерде бар. Мысалы, Ресейде 2004 жылдан бері тұрғын үй кодексі қолданыста және онда меншік иелерінің жауапкершілігі мен басқарушы компаниялардың қызметі нақты реттелген. Өзбекстан мен Қырғызстан да соңғы жылдары бұл бағытта белсенді қадамдар жасап, тұрғын үй саласын жүйелеуге бет бұрды. Ал Қазақстанда жылдар бойы тек ұсыныс деңгейінде қалып келеді.

Кедергілер мен үміт

Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тұрғын үй саласы түрлі ведомстволарға бөлініп, ортақ көзқарас қалыптаса қоймаған. Мысалы, құрылыс ережелері Индустрия министрлігінің құзырында, ал тұрғын үй көмегі мен кезекке қою жергілікті әкімдіктердің ісі. Осындай ведомстволық бытыраңқылық бірыңғай кодекс жасауға кедергі келтіріп отыр.

Екіншіден, тұрғын үй саясатындағы басымдықтар жиі ауысып отырады. Бір кезде жеке құрылысқа басымдық беріледі, енді бірде әлеуметтік жалдамалы тұрғын үйге, ал кейде ипотекалық бағдарламаларға. Осы өзгермелі саясаттың салдарынан құқықтық база да үнемі жаңарып, тұрақты жүйе орнықпай отыр.

Сонымен қатар, саяси ерік пен институционалдық тұрақтылықтың жеткіліксіздігі де рөл атқаруда. Бірыңғай кодекс қабылдау арқылы үлкен реформалар мен мүдделер қақтығысын шешуге болады.  Әр мүдделі тарап құрылыс компаниялары, жергілікті билік, банктер, әлеуметтік осал топта бұл кодексте өз мүддесінің көрінуін қалайды. Осындай күрделі тепе-теңдік жағдайында билік көп жағдайда уақытша, бөліктік шешімдермен шектеліп отыр.

Көпқабатты үйлер тұрғындарының ең басты қиындықтары:

  1. Үйді басқарудағы ретсіздік. КСК орнына ПТ мен ОСИ енгізілгенімен, тұрғындар басқару формасын дұрыс анықтай алмай, көп үйде мәселе шешілмей жатады. Мысалы, Алматыда бір үйде басқару формасы жарты жыл бойы анықталмай, лифт істемей, аула лас күйде қалған.
  2. Жиналған қаражаттың қайда жұмсалатыны күмән тудырады. Тұрғындар жинаған ақша қалай және қайда кетіп жатқанын көре алмайды. Мысалы, Шымкентте үш жылда жиналған 3 миллион теңгенің қайда кеткені белгісіз.
  3. Үйдің тозуы және күрделі жөндеудің болмауы. Кеңес заманында салынған үйлердің шатырлары, құбырлары жөнделмей, апатты жағдайда қалып отыр. Мысалы, Петропавлда 1960 жылғы үйдің шатырын жөндеуге ақша болмағандықтан, тұрғындар бірнеше жыл күтуге мәжбүр болған.
  4. Тұрғындар арасындағы жанжалдар. Заңның нақты болмауы дау-дамай туғызады, тұрғындар арасында түсініспеушілік пен сенімсіздік көбейеді.

Жаңа тұрғын үй кодексі осы мәселелерді шешуге бағытталған маңызды және қажетті қадам. Алайда оның толық әрі тиімді іске асуы үшін барлық мүдделі тараптардың бірлесе жұмыс істеуі, саяси ерік пен институционалдық тұрақтылықтың қамтамасыз етілуі қажет. Одан бөлек, халықтың құқықтық сауаттылығы мен санасы да жаңа реалийді қабылдауға дайын болуы керек, әйтпесе, абсурдқа дейін жетуі мүмкін.

Барлық жаңалық