Дауренбек Қожабаев аса ірі көлемде пара бергені үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі HALYQSTAN Telegram арнасына сілтеп.
Іс материалдарына сәйкес, 42 млн теңгені №130 мектептің бұрынғы директоры Улсия Қоштанова өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалмауы үшін берген. Алайда тергеу басталғанға дейін Қоштанова қайтыс болып, Қожабаевқа қарсы арызды оның әпкесі Зүбайра жазған.
Қожабаев тергеуден қашып, іздеуде болды. Осы аралықта пара беруге делдалдық жасаған Рауашан Құлымбетова сотталып үлгерді. Ол Қожабаевтың қарамағында бухгалтер болып жұмыс істеген. Өткен жылдың желтоқсанында Қожабаев ұсталды.
Істі Антикор мен ҰҚК тергеушілері жүргізді. Қожабаев өзіне тағылған айыптарды мойындамай, істің қолдан құрастырылғанын мәлімдеді. Алайда сот оны кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, 41 млн теңге мемлекет кірісіне өндіру туралы шешім шығарды.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға болады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру