Дәл қазір ауқымды форум өткізу қаншалықты қажет?
Вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Астана» халықаралық форумын ұйымдастыру мен өткізуге 4,5 млрд теңге қажет екенін мәлімдеді.
“Қазір мүмкіндігінше оңтайландырып жатырмыз, бірақ бізге шамамен осындай сома керек. Жалпы, бұл деңгейдегі форумдар үшін аса үлкен қаражат емес”, – деді министр.
Оның айтуынша, форум мемлекеттік бюджеттен емес, демеушілер есебінен қаржыландырылады.
Сонымен қатар, Жұманғарин демеуші компаниялар болашақ инвестициялық қызметтері үшін айтарлықтай дивидендтер алатынын атап өтті.
Дәл қазір ауқымды форум өткізу қаншалықты қажет?
Журналистер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік шығындарды үнемдеу және қаражатты тек ең өзекті мәселелерді шешуге бағыттау туралы тапсырмасын еске салды.
“Біз мұндай форумдар қазір қажет деп санаймыз. Мұндай іс-шаралар елдегі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді. Біршама уақыт форум өткізген жоқпыз – пандемия, су тасқындары болды. Бірақ біз осы форматқа қайта оралып отырмыз. Әлемге ашық мемлекет ретінде біз форумдар өткізуге дайынбыз. Біз қиын кезеңнен өттік: бюджеттік реформа аяқталуға жақын, алда салық реформасы тұр. Қаржылық жағдай тұрақтанды. Менің ойымша, барлық қаражат бюджеттік қажеттіліктерге жұмсалады”, – деп түсіндірді вице-премьер.
Шығын неге 4 есеге артты?
Алайда Жұманғарин атаған 4,5 млрд теңге – бұрынғы жылдардағы форум бюджетімен салыстырғанда 4 есе көп.
Мысалы, 2023 жылы сол кездегі вице-премьер Ерулан Жамаубаев форумға 1 млрд теңге бөлінетінін айтқан. 2024 жылы су тасқындары мен олардың зардаптарын жоюға қаржы үнемдеу мақсатында форум өткізілген жоқ.
ПІКІР ЖАЗУ