Елдегі ең ауқатты адамдардың бірі саналатын, марқұм олигарх Әліжан Ибрагимовтың ұлы Шухрат Ибрагимов Eurasian Resources Group (ERG) корпорациясын толық бақылауға алуға тырысып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты "Orda" порталына сілтеме жасап.
Financial Times жазғандай, Шухрат Ибрагимов – қазіргі уақытта ERG-дің бас атқарушы директоры – әкесінің бизнес-серіктестері Патох Шодиев пен жуырда қайтыс болған Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі 40 пайыздық үлесті сатып алуды ұсынып отыр.
Ақпарат көздерінің айтуынша, Ибрагимов үлес сатып алу жөніндегі келіссөздерді былтыр бастағанымен, биыл наурызда 71 жасында ұзақ сырқаттан кейін Александр Машкевич қайтыс болған соң, бұл процес жылдамдай түскен.
ERG – посткеңестік кеңістікте мемлекеттік активтерді жекешелендіру нәтижесінде пайда болған алып корпорация. Оны кезінде Әліжан Ибрагимов, Патох Шодиев және Александр Машкевич құрған. Бұл «үштік» компанияны Лондон қор биржасына шығарып, Африкадағы Замбия мен Конгода кен өндіру жобаларын бастаған болатын.
Компанияның қазіргі құрылымы бойынша ERG Люксембургте тіркелген. Ондағы акциялардың 20 пайызы – Ибрагимовтар отбасына, 20 пайызы – Шодиевтерге, тағы 20 пайызы – Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі. Қалған 40 пайызды Қазақстан үкіметі иемденіп отыр.
Шухрат Ибрагимов ERG-де 2015 жылдан бері жұмыс істейді, 2021 жылдан бастап директорлар кеңесінің мүшесі. Оның әкесінен кейінгі басқару ауысуы былтыр да жалғасып, Патох Шодиев кеңестегі орнын ұлы Сабирге, ал Машкевич – племяннигі Эдуард Сурлевичке берген.