Шлагбауымның ар жағындағы 48 миллиард

Былтыр еліміздің ақылы автожолдары қазынаға 48 млрд теңге табыс әкелген. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Оның айтуынша, биыл көрсеткіш екі есе артып, 100 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Жиналған қаражат тек есепте тұрып қалмай, жолдарды күтіп-ұстауға, қызмет сапасын жақсартуға жұмсалады.

– Ақшаның шамамен 60 миллиарды – жолдарды күтіп ұстауға кетеді. Яғни, тазалау, белгі жаңарту, ағымдағы жөндеу сынды күнделікті жұмыстарға. Ал қалған 30%-ы техника алуға бағытталады. Мәселен, 2023 жылы 470 техника бірлігі сатып алынған болса, 2024 жылы тағы 700 техника алу жоспарда тұр. Бұл шығындар – ақылы жүйенің арқасында жабылып отыр, – деді Дархан Иманашев.

Алайда ақылы жолдардың бәрі бірдей «алтын жұмыртқа» салып жатқан жоқ. Кейбір бағыттар өзін-өзі ақтай алмаған. Мысалы, Астана – Щучинск тасжолы табыстан гөрі шығынды көп әкелетін жолдардың қатарында тұр.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 29 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 21 ақылы автожол учаскесі жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы ұзындығы – 4100 шақырым.