Түркияның Clash Reports басылымы Ресей делегациясын басқарған Владимир Мединскийдің Стамбулда Украинаға ұсынған талаптарын жариялады. Басылым жариялаған құжатта бес негізгі шарт көрсетілген, деп хабарлайды ozgeris.info.
Бірінші талап — бейтарап Украина. Ресей тарапы Украина аумағында шетелдік әскерлер мен жаппай қырып-жою қаруы болмауы керек деп санайды. Бұл шарт Австрия үлгісіндегі бейтараптықпен салыстырылады.
Екінші — репарациялардан бас тарту. Мәскеу тараптардың соғыс салдарынан келген шығындар бойынша бір-біріне талап қоймауын ұсынады.
Үшінші — орыстілді азаматтардың құқықтары. Украина ұлттық азшылықтардың құқықтарын қамтамасыз ететін еуропалық стандарттарды қабылдап, «ұлтшылдықты насихаттауды» тоқтатуы тиіс.
Төртінші — территорияларды мойындау. Украина Ресейдің Қырым, Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарына қатысты конституциялық талаптарын жоққа шығармауы қажет.
Бесінші — оқ атуды тоқтату. Ресей Украина қарулы күштері осы бес аймақтан толықтай шығарылған жағдайда ғана соғысты тоқтатуға дайын екенін білдірген.
Clash Reports бұл талаптар Ресей тарапының Стамбул келіссөздеріндегі ресми ұстанымы ретінде көрсетілгенін жазады.