Қазақстанда соңғы уақытта іскерлік белсенділік төмендеп барады. Бұл туралы 80-нен астам кәсіпкерді біріктіретін бизнес-клубтың негізін қалаушысы Чингиз Айнабеков мәлімдеді. Оның айтуынша, әртүрлі саладағы кәсіпкерлер сұраныстың азайғанын байқап отыр, ал бұл елдегі халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуімен байланысты деп хабарлайды
ozgeris.info сайты
otyrar.kz сайтына сілтемемен.
«Біз әйелдер киімін сатумен айналысамыз. Түркиядағы серіктестеріміз бізден: “Қазақстанда не болып жатыр? Бұрын жиі тапсырыс беретіндер қазір мүлде үнсіз қалды. Кейбіреулер алған тауарлары үшін төлем жасамай жатыр”, – дейді», – деп бөлісті Айнабеков.
Кәсіпкерлердің мазасын қашырған тағы бір мәселе – салық реформасы. Көпшілігі бұл өзгерістерді бизнесті қолдау емес, керісінше қосымша ауыртпалық ретінде қабылдап отыр. Бұл жағдай кәсіпкерлерге қысым түсіріп, тұтынушылар арасында сенімсіздік туғызуда. Осы себепті көптеген компаниялар онлайн жұмыс форматына көшіп, тауар түрлерін қысқартып, кейде шығынмен жұмыс істеуге мәжбүр.
Бухгалтер Александра Томашевич: «Бізге үлкен қысым көрсетіліп жатыр. 2026 жылы салық жүйесі толығымен өзгереді – жаңа салық режимдері енгізіледі, ҚҚС мөлшерлемесі өседі. Сондықтан қазір бейімделу кезеңін бастан өткеріп жатырмыз: кейбір қызметкерлер ақысыз демалысқа жіберіліп, сауда онлайнға көшірілуде», – дейді.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі жағдай несиелерді кешіктіру мен қарыздарды қайтармаудың көбеюіне алып келді. Елде экономикалық тұрақсыздық күшейіп келеді.
Кейбір кәсіпкерлер бизнесін жауып, салықтық жүктемесі аз елдерге көшуге мәжбүр. Әсіресе онлайн қызмет көрсететін және халықаралық платформалармен жұмыс істейтін компаниялар басқа елге көшуді жөн көруде. Ал Қазақстанда қалатын кәсіпкерлер бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін маркетингке және қызмет сапасына көбірек көңіл бөлуге тырысуда.