Жаңалықтар

Қазақстан Түркиядан қару сатып алмақшы

Қазақстан Түркиядан қару-жарақ сатып алып, екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықты тереңдете түспек. Бұл туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың Анкараға сапары аясында белгілі болды, деп жазады Ozgeris.info.

Қамалетдинов Түркия Қорғаныс министрі Яшар Гюлермен және Қарулы күштер Бас штабының бастығы армия генералы Метин Гюракпен кездесіп, өңірлік қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы серіктестіктің басым бағыттарын талқылады. Әсіресе, әскери оқу-жаттығулар, білім беру, тілдік дайындық және бітімгерлік миссиялар төңірегінде бірлескен жобаларға мән берілді. Кездесу аясында қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу және бірлесіп өндіру туралы мәселелер де көтерілді. Қазақстандық делегация Түркияның қорғаныс өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралап, технологиялық әлеуетімен танысты. Сапар барысында генерал Қамалетдинов Түркияда білім алып жатқан қазақстандық курсанттармен де кездесіп, олардың дайындық деңгейіне назар аударды. Бұл – кадрлық және стратегиялық әлеуетті қатар дамытуға бағытталған қадам. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Түркия әскери техника өндіру саласында нақты келісімге келген болатын. Соның бірі — Anka дрондарын Қазақстанда жинау жобасы. Бұл пилотсыз ұшақтар Қарабақ қақтығысында тиімділігін дәлелдеген. Anka – алыстан ұшуға қабілетті, 300 келіге дейін жүк көтере алатын заманауи дрон.
Барлық жаңалық