Жаңалықтар

Қауесетке нүкте қойылды: Шарип Серик Salem құрамына қайта қосылмаған

Актер Шарип Серикке қатысты қоғамдағы қызу талқылаулар әлі де толастаған жоқ. Желіде оның Salem Entertainment медиа-компаниясымен қайтадан жұмыс істей бастағаны жайлы ақпарат тарады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengri Life сайтына сілтемемен. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі:
“Бізде cancel culture ұзаққа бармайды. Міне, Шако қайтадан Salem Social-да жүр”, – деп пікір қалдырды.
Шарип, яғни Шакенти немесе Шако лақап атымен танымал актер, осы компанияның танымал резиденттерінің бірі болған. Сол себепті көпшілік оның қайта оралуы мүмкін деген болжам жасауда. Кей оқырмандар бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтап беруді сұрап, Tengrinews.kz редакциясына жүгінген. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін Tengri Life Salem Entertainment компаниясынан ресми пікір алған. Компанияның бренд-менеджері Карим Қадырбаев бұл мәліметті жоққа шығарды.
“Шарип Серикпен жасалған келісімшарт тоқтатылған. Қазіргі уақытта оның қатысуымен ешқандай жаңа жобалар жоспарланбаған”, – деп мәлімдеді ол.
Яғни, қазіргі кезде актердің аталған компанияға ресми түрде оралғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Желіде талқылаулар белсенді жүріп жатқанына қарамастан, оның жаңа жобаларға қатысып жатқаны туралы дәлелдер жоқ. Айта кетейік, бұған дейін Шарип Серик зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты айыптаулардың ортасында қалып, қоғам тарапынан қатаң сынға ұшыраған болатын. Осыдан кейін ол бірқатар серіктестіктерден, соның ішінде Salem Entertainment компаниясынан да шеттетілген еді.
Барлық жаңалықтар