Қоғам

Қаржылық сауаттылық жоқ: Неге қазақтардың қарызы көп?

Қазақстан әлеуметтік апаттың табалдырығында тұр. Дағдарысты халық жақында сезіне бастайды, дейді сарапшылар. Мұнай экспортынан миллиардтаған доллар түсіп жатқанына қарамастан, халықтың басым бөлігі кедейшілікте өмір сүріп, қарызға батып қалған. Ұлттық банктің дерегінше, жан басына шаққандағы несие саны антирекорд жаңартып жатыр. Жыл сайын ондаған мың адам коллекторлық агенттіктердің қысымына ұшырайды екен. Мұнайға бай елде миллиондаған адам қарапайым қажеттіліктеріне, яғни азық-түлікке, баспанаға, білім мен медицинаға ақша таппай жүр. Ұлттық қордың қаражаты қайда кетіп жатыр? Үкімет өңірлердегі нақты проблемаларды елемей, миллиардтарды имидждік жобаларға салуда. Тұтынушылық несие жылдан жылға артып барады, ал халықтың табысы жай өмір сүруге де жетпейді. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Екі оттың арасында

2023 жылы Қазақстан Ұлттық қордан 12 миллиард доллар алды. Бұл соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Болашақ ұрпақтың қамы үшін құрылған аталмыш қор, қазіргі таңда болашақты жеп отырған элитаның банкоматына айналды. Егер мұнай бағасы 50 долларға дейін құлдыраса, аталмыш «банкоматты» қоқысқа тастауға тура келеді. Себебі пайдасы жоқ. Қазақстан бюджетінің жартысы шикізатқа тәуелді. XXI ғасыр - цифрлық экономика, нанотехнология мен жасыл энергетика дамыған дәуір. Ал біз әлі де мұнай құбырына байланып отырмыз. Жиырма жылдан бері үкімет экономиканы әртараптандыру туралы айтып келеді,  алайда іс жүзінде бәрі баяғы қалпында. Сол мұнай, сол астық, сол металл. Бәрі шетелге экспортталады.  Неге? Сарапшылардың айтуынша, мемлекетке осылай тиімді.  Нағыз секторға инвестиция салғанша, бюджетті өзара бөлісіп, «инновациялық даму» деген атпен мемлекеттік тапсырыстар берген жеңіл әрі ұтымды.

Мұнай бағасы 100 доллардан асқан кездер де болған. Алайда билік осы мүмкіндікті де жіберіп алды. Яғни түсіп жатқан табысты өнеркәсіпке, ғылымға немесе білімге қайта құятын механизм жасай алмады. Қаржы ұлттық жобаларға салынып жатыр деген әңгімелердің жартысы тек қағаз жүзінде ғана іске асты.

Теңге бағамы өз алдына бөлек мәселе. 2015 жылы 1 доллар 140 теңге болса, қазір 500 теңгеден асты. Яғни, әрбір қазақстандық төрт есе кедейлене түсті деген сөз. Әрине, шынайы реалийді еш жерде айтпайды да, көрсетпейді де. Ал жанармай, азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасын шарықтатқан адамдар бәрін сыртқы факторларға жауып, ертегі айтуын жалғастырып жүр.

Сарапшылардың пікірінше, Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанды «сұр делдалға» айналдырды. Біз арқылы бұған дейін контрабанда деп саналатын тауарлар өтіп жатыр. Қайта қаптау, реэкспорт, логистикалық хабтардың барлығы да санкцияны айналып өтудің тетіктері. АҚШ Қазақстанға ескерту жасады. Егер осылай жалғаса берсе, Қазақстанға да қосымша санкциялар салынуы мүмкін. Бұл өз кезегінде экспортқа, банк жүйесіне, логистика саласына ауыр соққы болады. Қазақстан онсыз да қиын кезеңді бастан кешіруде. Енді Қытайдың да жағдайы мәз емес. АҚШ салық тарифтерін көтергендіктен, Қытайдың экономикасы да баяулап келеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгерістер металға, мұнайға, уранға деген сұранысты азайтады. Ал Қазақстан басқа ешнәрсе ұсына алмайды. Бізде не ІТ экспорты, не технологиялық өндіріс, не өзіміздің электроника өнеркәсібіміз де жоқ.

Қарыз, кедейшілік, депрессия

Осындай экономикалық дағдарыс алдында қымбатшылық халықты одан әрі қысып барады. Билік нағыз мәселені елемей отыр. Ал банктер ақшаға шомылуда. Тіпті оны қайда жұмсауын да білмейді, дейді мамандар. Статистика бойынша, жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі 25 триллион теңгеден асып кеткен. Ал миллионнан астам адам несие төлемін кешіктіріп, қарызға батқан. Яғни олар ресми түрде төлемге қабілетсіз халық санатына кіреді. Әрине, билік үшін бұл жай ғана сандар болуы мүмкін, ал халық үшін нағыз күйзеліс пен ыза.  Жұмыс істейтін азаматтардың 16–29%-ның несиелері коллекторларға өтіп кеткен.

Ресми елдегі инфляция көрсеткіші - 10%.  Шын мәнінде азық-түлік +25%, дәрі-дәрмек +30%, жалдамалы баспана мүлде шарықтап кеткен. Өзгермей тұрғаны жалақы ғана. 2024 жылғы статистика бойынша тұтынушылық кредиттердің жалпы көлемі 9 триллион теңгеден асқан. Тоқтамай әрі қарай өсіп келеді. Еңбекке қабілетті әрбір екінші қазақстандықтың кем дегенде бір несиесі бар. Ұлттық банк мәліметінше, 7,5 миллион адамда кредит бар. Оның ішінде 1 миллионнан астамы проблемалық қарыз алушылар. Яғни, төлемді 90 күннен артық кешіктіргендер.

Неге қазақтардың қарызы көп?

Сарапшылардың айтуынша, халықтың табысы төмен. Көп адам жалақыдан жалақыға өмір сүреді. Ел бойынша орташа жалақы 350–400 мың теңге шамасында, шындығында өңірлерде бұл көрсеткіш өте төмен. Салдарынан амалы жоқ халық баспана, азық-түлік, оқу шығындарын жабу үшін несие алуға мәжбүр.

Екінші себеп - қаржылық сауаттылықтың жоқтығы. Көп адам банктік жүйе, пайыз, тәуекелдер қалай жұмыс істейтінін білмейді. Жоғары пайызбен несие алғанын да білмей, кейін соның зардабын көреді.

Сонымен қатар, несие алу өте оңай. Банктер мен микроқаржы ұйымдары несиені бәріне бере береді. Жарнамасы әлеуметтік желілер мен ғаламторда толып тұр.  «5 минутта мақұлданады», «құжатсыз», «бас тартусыз» дегенді көрген соң, қарызы көп немесе несиеден көз ашпай жүрген адам амалсыз алады.

Қоғамның қысымы да басты себептердің бірі. Адамдар бизнес немесе өте қажетті заттарға ғана емес, өзгеден кем болмау үшін де қарыз алады. Қазақтың менталитетін өзгертетін уақыт келді. Қарызға той жасау, немесе ең соңғы үлгідегі смартфон алу, көлік не несиеге шетелге шығу деген ақылға қонымсыз. Мұндай қадамдарға халықты әлеуметтік желідегі «әдемі» өмір итермелейді дейді мамандар. Қаржылық сауаты төмен халық осындай иллюзияға жету үшін қарызға батудан тайынбайды.

Халықтың табысының төмендігі соншама, олар «қара күнге» деп жинақ та жинай алмайды. Күтпеген шығындарға тап бола қалса, бірден несие алуға жүріреді. Бұл да сауаттылықтың төмендігінен.

«Банктер бизнес пен нақты экономиканы қаржыландырғысы келмейді, себебі тәуекел жоғары. Ал жоғары пайыздың кесірінен кәсіпкерлер де несие алуға асықпайды. Сондықтан банктер тұтынушылық несиеге бет бұрып жатыр. Өйткені тұтынушы жоғары пайыздың не екенін білмейді, оған басын қатырмайды. Бөліп төлеу деген бар. Халық ол жерде пайыз жоқ деп ала береді. Алайда пайыздары сол тауарға қосылған, ал тұтынушыға 0% деп көрсетіп қойған. Әрине, оны білмейтін халыққа Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мүлде қызық емес. Сондықтан тұтынушылық кредит өсіп жатыр. Бірақ соңғы кезде банктер жиі бас тарта бастады. Себебі тұтынушылық кредит жылдам қарқынмен өсіп жатыр, жылына 30%. Бұл сұмдық қой. Ал корпоративті кредиттер керісінше, азайып келеді. Қазір ешкім мән бермесе де, ертең банктердің табысы төмендегенде қиын болады. Тұтынушылар әзірге төлеуге қауқарлы, бірақ жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін», – дейді тәуелсіз сарапшы Арман Бейсембаев.

Енді не істейміз?

«Үкімет үлкен дағдарысқа дайындалуы керек. Бюджет пен экономиканы қалай қолдайтынын жоспарлауы қажет. Біз бұдан қашып құтыла алмаймыз. Әзірге ақшалай қорымыз бар, уақытша бізге жетеді. Ұлттық қор бірнеше айға ғана көмектесе алады. Негізі экономиканы 10–15 жыл бұрын қолға алу керек еді. Қазір тым кеш. Тығырықтан шыға аламыз ба, жоқ па, айта алмаймын», – дейді сарапшы Арман Бейсембаев.

Жоғарыдағы статистика көрсеткендей, елде тұтынушылық несие жылдам қарқынмен өсіп жатыр. Ал қарапайым халық жай ғана өмір сүруге ақшасын жеткізе алмай келеді. Ақшасы жетпеген халық бірінші кезекте несиесін төлеуден бас тартады. Ал мемлекет мұндай жағдайға дайын ба? 2006–2009 жылдары халыққа несиені аямай бере берген еді. Сол борышкерлер әлі күнге дейін қарыздарынан құтылмады. Мұндай жағдай қайталанса, елімізде шынайы әлеуметтік жарылыс болмақ.

Қаржылық сауаттылық - мемлекеттің міндеті

Тұтынушылық несие рекордты жаңартып жатқан кезде, қарапайым халықты қаржылық сауаттылыққа үйрету енді биліктің жауапкершілігі дейді сарапшылар. Себебі елдің тұрақтылығы үшін аса қажет.

Ұлттық банктің дерегінше, Қазақстан азаматтарының қарыз жүктемесі ТМД елдерінің арасында ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Адамдар несиені бизнес бастау үшін емес, тамақ, киім, тұрмыстық техника, той мен саяхат үшін алуды әдетке айналдырған. Жоғары пайызбен берілетін микронесиелер қалыпты жағдайға айналды. Кейбіреулер жылына 300–500% төлеп отыр.

«Мәселе несиеде емес, оны дұрыс пайдаланбауда. Адамдарға пайыздық мөлшерлеме, қайта қаржыландыру, кредиттік тарих деген не екенін ешкім түсіндірмейді», – дейді экономист Айдархан Құсайынов.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының пікірінше, қаржылық сауаттылық мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналуы тиіс. Яғни мектептен бастап, зейнеткерлерге дейін қамтылуы керек. Ұлттық банк та мұны мойындап отыр. Халықтың 50%-дан астамы негізгі қаржылық ұғымдарды түсінбейд екен. Арнайы оқыту бағдарламалары іске қосылғанымен, оның нәтижесі көңіл көншітпейді.

Бұл ретте сарапшылар бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.

Біріншіден, мектеп бағдарламасына міндетті түрде енгізу. 2023 жылдан бастап кей мектептерде қаржылық сауаттылық пилоттық түрде енгізілген еді. Бұл міндетті пән болуы тиіс болған. Мысалы «Микрозайм мен несиені ажырату», «Артық төлемді қалай есептеу керек», «Қаржылық жастық деген не» сынды тақырыптар оқытылуы керек.

Екіншіден, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандыру. Орта жастағы адамдар мен егде кісілер банк нұсқаулығын оқымайды, алайда әлеуметтік желіде тұрақты отырады. Сондықтан қысқа видеолар, инфографика, подкасттар жасау арқылы халықтың сауатын ашу керек.

Үшіншіден, тегін онлайн-курстар мен вебинарлар ұйымдастыру. Халыққа қарапайым тілде, өміден алынған шынайы оқиғаларды көрсете отырып, тегін курстар ұйымдастыруды қолға алу керек. Ал ауылдар мен шағын қалаларда халық көбінесе сол елдің белді адамдарына сенеді, тыңдайды. Мысалы имамдар, ақсақалдар, қоғам белсенділері. Оларды қаржылық сауаттылықтың негіздеріне үйретіп, халықпен бөлісуді ұйымдастыруға болады.

Барлық жаңалық