Ертіс өңірінде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жабылып қалған археология мектебінің жұмысы қайта жанданды. Енді тарих ғылымына бет бұрған оқушылар танымал археологтардың сабағына қатысып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие, деп хабарлайды «ozgeris.info» «24.kz»-ке сілтеме жасап.
Осылайша, аймақтағы тарихшылар сабақтастығы беки түсіп, жас ғалымдардың шоғыры қалыптаспақ. Оқушылар Қазақстанның тарихын теория жүзінде зерттеумен шектелмейді. Жас тарихшылар археология негіздерін меңгеріп, нағыз экспедицияларға да қатыспақ.
Қазбек Кендіров археологиялық мектепке алғашқылардың бірі болып келген.
— Болашақта тарихшы болғым келеді. Және де археология саласын дамытқым келеді. Көптеген кітап жазғым келеді, археология, тарих жайлы. Археологияны демалыс деп санаймын. Себебі сүйікті іс жасасақ, ләззат аласың, демаласың., 151 дейді Қазбек Кендіров.
Мұнда Қазбек сияқты жеткіншектер жетерлік. Олардың барлығы қазақ халқы мен өлкеміздің ежелгі тарихын зерттегісі келеді. Бір топ оқушы алғашқы дәріске де қатысқан. Ульяна Забродина сондай оқушылардың бірі.
— Ежелгі адамдардың ізі қалған орындарды көргім келеді. Қазба жұмыстарына қатысып, археологтардан тәлім алсам деймін. Мектепке келгенім сондықтан. Біз зертханаларда барамыз. Көне жәдігерлерді ұстап көреміз, — дейді ол.
Аймақтағы 6,5 мың жылдық тарихы бар ежелгі тұрақтар Аққулы ауданының Бөрлі көлінің маңайында шоғырланған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл ежелгі малшылар қонысы болуы мүмкін. Зерттеушілер жануарлар осы аумақта қолға үйретілген деген пікірде. Оқушылар дәл осы жерде қазба жұмыстарына қатысады.
— Алғашқы қазба жұмыстары Бөрлі көлінде жүргізіледі. Көлдің маңайындағы ескерткіштер сумен шайылып жатыр, яғни бұзылудың шақ алдында. Неолит және қола дәуірлеріне жататын қорымдарды сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Оқушылар да көмектеседі, — дейді тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Мерц,
Өткен жылы археологтар көшпенді тайпасының өкілі жерленген орынды тауып алған. Зерттеу жұмыстары биылғы жазда жалғасын таппақ. Әзірге қорымның қай кезеңге жататыны белгісіз. Оны анықтауға оқушылар да атсалысады. Жас археологтар алғашқы экспедицияға маусымда аттанбақ. Ғылыми-зерттеу жұмыстары Май және Аққулы аудандарында жүргізілмек.
«ozgeris.info»
ПІКІР ЖАЗУ