Павлодар облысында жер үй өртеніп, 2 жасар қыз көз жұмды

Павлодар облысында жеке үйдегі өрттен 2 жасар қыз көз жұмды. Өрт 80 шаршы метрді аумақты шарпыған, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Өрт бүгін, 9 тамызда Тереңкөл ауданындағы Береговое ауылында тұтанған.

«Жергілікті уақытпен сағат 10:29-да жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына департаменттен 8 адам мен 2 техника жедел жетті. Тұрғын үйдегі өрттен 2019 жылғы бала бірінші, екінші дәрежелі термиялық күйік алғаны анықталды. Алайда, күйік шалған баланы ауруханаға жатқызудың қажеті болмады. Өкінішке орай, 2021 жылы туған қыз бала қайтыс болды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Үй өртенген кезде балалардың анасы аулада болған. Көпбалалы отбасының анасы сегізінші баласының өмірге келер күнін күтіп жүр.

photo

Жалын жергілікті уақытпен сағат 11:45-те оқшауланды. Ал, сағат 12:15-те толығымен жойылды. Қазір төтеншеліктер өрттің шығу себебі анықтап жатыр.