Павел Дуров туралы не білеміз?

Павел Дуров — Ресей елінің бағдарламашысы, ең үлкен орыстілді «Вконтакте» әлеуметтік желісінің негізін қалаушысы. Ол 2007 жылы  «Деловой Петербург» газетінің жылдық үздік жас кәсіпкерлері байқауының жеңімпазы болды. 2011 жылға қарай Павелдің капиталы 7,9 миллиард рубльге бағаланды. Кейіннен Ресейдің ең бай адамдарының рейтингінде 350-ші орынды иеленді. «Вконтакте» әлеуметтік желісінің құны осы уақытқа дейін бір жарым миллиард долларға бағаланды. 2013 жылы ол Telegram мессенджерін қолданушыларға шифрлаудың бірегей технологиясымен таныстырды. 2014 жылы «Вконтакте» басшысы жұмыстан босатылғаннан кейін келіспеушіліктерден Ресейден қашып кетіп, Telegram-ды дамытуды жалғастырды.

ДИПЛОМЫН АЛМАЙ КЕТКЕН

Болашақ миллиардер 1984 жылы қазанның 10-шы жұлдызында зиялы отбасыда дүниеге келді. Дуровтың әкесі – филология ғылымдарының докторы, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің филология факультетінің классикалық филология кафедрасының меңгерушісі. Бағдарламалаушы қабілеті үлкен ағасынан дарыған. Себебі Николай Валерьевич екі рет студенттер арасында бағдарламалау бойынша әлемнің абсолютті чемпионы болды.
Павел алғаш рет мектепке Италия еліннің Турин қаласында барды. Көп ұзамай отбасы Ресейге оралған. Ал жалпы білім беретін мектепте аз уақыт оқығаннан кейін, ол Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің академиялық гимназиясына түсті. Дуров төрт шет тілін тереңдете оқытатын сыныпта білім алды. Ол 11 жасынан компьютерлік бағдарламалауды жақсы көріп, ағасымен бірге өзінің алғашқы бағдарламаларын құрды. Мектеп желісін бұзып, барлық компьютердің экранындағы суреттерді ауыстырған. Тіпті мұғалімдер ойлап тапқан парольдерді оңай бұзатын. Академиялық гимназияны үздік бітіргеннен кейін Дуров Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің филология факультетінің «ағылшын филологиясы және аударма» мамандығына оқуға түсті.

Жалпы Павел Дуров тілге деген құштарлығымен ерекшеленді. «Шет тілдерін үйрен. Бұл әлемді қабылдау тереңдігін шынайы түрде кеңейтеді және оқудың, дамудың және мансаптық өсудің бұрын-соңды болмаған перспективаларын ашады»,– дейді Дуров. Негізінен ол ағылшын, француз, неміс, испан, итальян, латын және парсы тілдерін жетік біледі.

Жоғары оқу орынында жас дарын лингвистика, бағдарламалау және дизайн бойынша бірнеше рет олимпиада жеңімпазы болды. 2006 жылы филология факультетін үздік бітірді, алайда ол дипломын әлі күнге дейін университеттен алмады.

«ВКОНТАКТЕ» ТАРИХЫ

Дуров студент кезінен бастап durov.com сайтында орналасқан гуманитарлық факультеттер студенттеріне арналған оқу материалдары бар мәліметтер базасын жинауды қолға алады. Ол өзінің оқу орынындағы студенттер мен материалдар легін бір базаға жинағысы келіп, кейіннен spbgu.ru форумын ойластырады. Аталмыш форумда пайдаланушының жеке кабинетінде аты-жөні, факультеті, достар мен топтардың тізімі, сонымен қатар блог жүргізу мүмкіндігі бар бағандар болды. Өзінің сайтын насихаттау үшін белгілі бір PR жоспар құра бастайды. Өз өнімін сұлулық пен дизайн конкурстарын ұйымдастыру арқылы тынытады. Бірде оның ескі досы, штаттарда оқыған Вячеслав Мирилашвили Дуровқа хат жазды. Ол Facebook әлеуметтік желісінің тез өсіп келе жатқан танымалдығын бақылап, Павелмен өз нәтижелерімен бөлісті. Екеуі бірге орыстілді әлеуметтік желі құру идеясын талқылады. Жобаға алғашқы қаржыны Вячеславтың әкесінен ештеңеге қарамастан, қарызға алады. Компанияның құрылтайшылары Павел Дуров пен оның досы Лев Левиев Вячеславпен бірге болды. 2006 жылдың қыркүйегінде «ВКонтакте» әлеуметтік желісі іске қосылды. Сыртқы дизайнді Марк Цукербергтің бағдарламасына баламалап алған. Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге серверлік жүктемені оңтайландыруға туған ағасы Николай Дуров көмектесті.

Жобаның қадамы сәтті болды. Бірінші жылы «Вконтакте» қолданушыларының саны үш миллионға дейін өсті. Жаңа пайдаланушыларды тарту үшін сайт басшылығы «Достар көп келетін адамға iPod» сияқты байқаулар ұйымдастырды. Алғашында жобы коммерциялық емес дәрежесінде болғандықтан, қаржылай қиыншылықтар туындай бастайды. Жарнама мен PR-ға ауқымды инвестицияны қажет етті. «ВКонтакте»-дегі алғашқы инвестор Юрий Милнер және оның Digital Sky Technologies қоры болды. Ол әлеуметтік желінің 25 пайыз акциясын 6,3 млн долларға сатып алды, кейін Mail.ru Group-қа сатты. Сайт ашылғаннан екі жыл өткен соң контекстік жарнамаға арналған алғашқы баннерлер пайда болды. Сол жылға қарай сайт интернеттің орыс тілді сегментінде трафиктің көшбасшысы болды, ал қолданушылардың саны 20 миллионға жетті.

2011 жылдың желтоқсанынан бастап Дуров конкурстық негізде іріктелген стартаптарды қаржыландыруға белсенді түрде қатысады. Таңдалған алғашқы алты стартапқа Дуров 25 000 доллар қаржысын салды. Ал 2012 жылдың қаңтар айының басында Павел Wikipedia энциклопедиялық сайтын дамытуға 1 миллион долларды жұмсады.

Кейіннен аталмыш платформа үлкен танымалдылыққа ие болды. 2012 жылдың қарашасында ВКонтакте дамуына арналған Николай Кононовтың «Дуров коды» деректі кітабы жарық көрді. AR Films компаниясы мүмкіндікті қалт жібермей, кітаптан фильм түсіруге автормен келісімшартқа отырады. Алайда онымен Дуров мүлдем келіспеген еді. Онысына қарамастан, 2017 жылы фильм жарық көреді.

ДУРОВПЕН БАСҚА ЖЕЛІЛЕРДІҢ ҚАҚТЫҒЫСЫ

2011 жылы Одноклассники әлеуметтік желісінің иесі Mail.ru Group-тың жаңадан құрылған директоры Дмитрий Гришин Дуровқа «ВКонтакте» акцияларының 100 пайызын сатып алу ниеті туралы хабарлады. Сонымен қатар «ВК» акцияларын IPO-ға шығаруға, яғни оларды кең ауқымда сатып алуға ұсынғысы келетінін айтты. Кейінірек Mail.ru ұсынған 1,1 миллиард доллардың орнына Facebook акциясын есептесек, ықтимал мәміле көлемі 2 миллиард доллардан асатыны белгілі болды. Бір аптадан кейін Рунеттің екі «алапат» арасындағы келіссөздерді Дуров Instagram парақшасына ортаңғы саусағы шығып тұрған дөрекі суретімен қорытындылады. Әдепсіз суретіне «Mail.ru компаниясы «ВКонтакте» желісін «сіңіру» әрекетіне ресми жауабым» деп аталмыш компанияға кері бағыттығы пост салды.
Мәміленің сәтсіз аяқталғанына серіктестері қамығып, Павел Дуровпен келіспеушіліктер туындады. Кейіннен ашуға берілген серіктестері, яғни Мирилашвили мен Левиев, әлеуметтік желідегі өз үлестерін сатып жіберді. Ол шешімдері туралы Mail.ru компаниясына да, Дуровтың өзіне ескертпеді. Павел мәміле заңсыз болды деп соттаспақшы болды. Оның айтуынша, Ресей заңнамасына сәйкес, акцияларын сатудан бұрын акционер оларды басқа акция иелеріне сатып алуды ұсынуға міндетті екен.

Серіктестері өз қорғауына Дуровтың ақшаны олардың хабарынсыз 2013 жылы іске қосылған Telegram мессенджеріне жұмсағанын айтты. Ал Павелдың мәліметінше, аталмыш жобаға қаржыны өз қалтасынан төлеген екен. Алайда олар «ВКонтакте» желісінің құрылтайшысы қаражатты жымқырды деп сотқа берілді. Оған қарсы Дуров UCP негізін қалаушы Илья Щербовичті сотқа берді, оны серіктестерінің көмегімен Telegram LLC мен Digital Fortress LLC акцияларын сатып алып, Telegram акцияларының жартысын айырбастауға бопсалады деп айыптады. Кейін екі жақ та өз талаптарын қайтарып алды.

Көп ұзамай Дуров «ВКонтакте» акцияларының қалған үлесін, яғни 12 пайызын Megafon компаниясының бас директоры Иван Тавринге сатты. Сарапшылар мәміленің құнын 200 миллионнан 400 миллион долларға дейін бағалады. Бірнеше айдан кейін Таврин сатып алынған акцияларды Mail Group-қа сатып, нәтижесінде ол компанияның 52 пайызынын иегері болды.

Өзінің серіктестірімен жанжал біткеннен кейін, Дуровта тікелей Ресей Федерациясының Бас прокуратурасымен іс басталды. 16 сәуірде Бас прокуратура «Еуромайдан» қауымдастығының ұйымдастырушыларын мәліметтерін алуға және Алексей Навальныйдың сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Роспил» қауымдастығын бұғаттауды сұрады. Дуров екі талаптан да бас тартты.
Кейін 21 сәуір күні бұқаралық ақпарат құралдарынан «Вконтакте» желісінің директоры орынынан босатылғаны туралы білді. Оны үлескерлер жиналысында талқыға салып, автоматты түрде қызметінен босатылды.
Көп ұзамай Дуров Ресейден кетті. Өзімен бірге 12 компьютер бағдарламашылар тобын алып, Кариб теңізінің Сент-Китс и Невис аралының азаматтығын сатып алады. Ал Ресейге кемінде 7 шарт орындалмайынша, туған жеріне қайтпайтынын айтты. Олардың ішінде ашық соттар, заңдар арасындағы қарама-қайшылықтарды жою (қайта реттеу), басшылық лауазымдарға ашық сайлау, ҚҚС жойылған кезде шикізат секторына салынатын максималды салықтар, аймақтардың экономикалық егемендігі, білім беру жүйесін реформалау және «феодалдық қалдықтарды жою «әскери қызмет және тіркеу культі сияқты талаптарын мәлімдеді.

ДУРОВ және СЫН

Дуровтың көптеген эксцентриктік әрекеттері мен мәлімдемелері қатал сынға ұшырады. Оған қоса, Санк-Петербург күні мерекесінде Павел Дуров кеңсесінің терезесінен ақша лақтырып, өзіннің көңілін көтерген екен. Яғни бес мыңдық банкоттан ұшақ жасап, терезеден лақтырған. Кейін сол ақша үшін таласқан адамдарға қарап, күлкі қылған. Блогерлер мен журналистер Дуровтың бұл әрекетін өте дөреке санады. Ал мәдениет министрі Владимир Мединский: «Өз халқына мал сияқты қарайтын азамат түрмеде тігінші-кәсіпші мамандығын алуы керек»,–деді.
2012 жылдың 9 мамырындағы Жеңіс күні қарсаңында Дуров Twitter-де: «67 жыл бұрын Сталин Гитлердің КСРО халқын репрессиялау құқығын қорғады» деп рунетті өзіне қарсы бұрды. Көптеген блогерлер мен қоғам қайраткерлері бұл жазбаны қатаң айыптап, «Вконтакте»-дегі аккаунттарын бұғаттады, ал Сергей Минаев Дуровты қоғам «қоқысы» деп те атады. Кейінірек Владислав Цыплухин, сол кезде «Вконтакте» өкілі «Дуров Жеңіс күнін құрметтейді, ал бұл твит Ұлы Отан соғысын басынан өткерген атасының кейін репрессияға ұшырауымен байланысты» екенін айтты.

TELEGRAM АҚПАРАТТЫҚ ШАБУЫЛҒА ҰШЫРАДЫ

«ВКонтакте» желісінен шыққаннан кейін Павел Дуров Telegram-ды дамытуды бастады, оны дамыту барысында жылына 12 миллион долларға дейін ақша жұмсалды. Алайда 2017 жылдың мамыр айында Дуров Роскомнадзормен қақтығысқа түсті. Бөлім бастығы Александр Жаров Дуровтан қоғам қауіпсіздігі үшін Telegram жеке хаттардан мәлімет алуды талап етті. Бірақ оған Дуров ешқандай да келісім бермеді. Бас тартудан кейін Telegram ақпараттық шабуыл ұшырады. Ең ірі федералды арналарда «Telegram тікелей террористермен байланыс құратын негізгі канал» деп аталатын сюжеттер көрсетілді. Ал ФСБ өкілдері Петербург метросындағы теракт аталмыш мессенджер көмегімен ұйысдастырылғанын айтты.

28 маусымда Дуров соған қарамастан Ресей Федерациясында Telegram-ға тіркелер алдындағы деректерді ұсынды. Бірақ нақты жеке хаттарды оқу мүмкіндігін бермеді.
2018 жылдың сәуірінде Telegram мен Ресей билігі арасындағы қарама-қайшылықтың жаңа кезеңі басталды. 13-і күні сот мессенджерді ФСБ-ның шифрлау кілттерін беруден бас тартқаны үшін бұғаттауға шешім шығарды. Алайда Дуров платформаның техникалық себептерімен ақпарат берудің мүмкін еместігін айтты. Себебі аталмыш әлеуметтік желіні ойластырған кезде, ақпарат ұрлауды қарастырмаған.  Десе де, ештеңеге қарамастан Роскомнадзор 16 сәуірде көптеген парақшаны бұғаттай бастады. Ол қылықтарына Павел Instagram парақшасында: «Бостандық орнату үшін сіз тәуекел етуіңіз керек»,– деп жауап қайтарды.

Парақшалар бұғатталса да, Telegram көптеген қолданушыда істеп тұрды. Бағдарламаны түбімен жоюға Роскомнадзор 20 миллион IP-адрестерді бұғаттады. Бұл Amazon және Google хостингіне негізделген көптеген ірі қызметтердің жұмысының бұзылуына әкелді. Бірақ ештеңеге қарамастан, Павел Дуров 2021 жылдың наурызында Telegram облигацияларын шығару арқылы 1 миллиард доллар қаржы жұмсады.

Қолданушылар бостандығы үшін құруар қаржы жұмсап, Ресейден эмигранттаніп, серіктестерінен опасыздық көрсе де, Павел өзінің өмірлік ұстанымдарына, жеке бас ақпараттарына адал болды.