Белгілі ауыр атлетші Илья Ильин бір командада өнер көрсеткен досы Алмас Өтешовке көмектесіп жатқанын айтып, видео түсірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Уәде еткенімдей, мен Алмастың жағдайын айтып отырмын. Қазір оның жағдайы жақсы. Алмас Астанадағы оңалту орталығында ем қабылдап жатыр. Ендеше, сауығып кететін осы қиын жолда оған күш-қуат тілейік. Алмас досым клиникада 5 ай ем алады. Оның емделу жолы оңай болмайды. Бірақ біз дайынбыз. Федерация осындағы емін толық қаржыландырып жатыр. Осы оқиғадан басымызды тік көтеріп, жеңіспен шығайық», — дейді Илья Ильин.
Ал Алмас Өтешев «100 теңгең болғанша, 100 досың болсын» деп бекер айтпағанын атап өтті.
«Илья досым келді. Мені емдеп жатыр. Жан дос деген осындай болуы керек, жігіттер. Осындай достарың көп болсын. Жаман нәрсеге жоламайық. Адал жолмен жүрейік. Адал жолмен нан табайық. Аман болайық. Илья Ильин сияқты Олимпиада чемпиондары көбейе берсін. Қазақтың батырлары көп болсын», — дейді Алмас Өтешев.
Илья Ильин жақында берген сұқбатында әріптесінің соңғы он жылда ішімдікке салынғанын айтқан еді.
ПІКІР ЖАЗУ