Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке және бейресми сипатта өтті. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай
inbusiness.kz сайтына берген жауабында айтты деп хабарлайды
ozgeris.info сайты.
– Нұрсұлтан Назарбаевты Владимир Путинмен ұзақ жылдарға созылған достық қарым-қатынас байланыстырады. Бұл байланыс мемлекеттік өкілеттіктерге тәуелсіз түрде сақталып отыр. Бірінші Президент көптеген әлемдік көшбасшылармен байланыс жасап тұрады – телефон арқылы сөйлесу, хат алмасу, жеке кездесулер форматында. Бұл тек Ресейге ғана емес, Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь және басқа елдерге де қатысты. Мұндай байланыс халықаралық тәжірибеде қалыпты жағдай, – деді Айдос Үкібай.
Оның айтуынша, беделді, бірақ лауазымды қызметте емес тұлғалардың өзге елдердің басшыларымен кездесуі – дипломатиялық тәжірибеде қалыптасқан тәжірибе.
– Мысалы, сол күні Ресей Президенті Владимир Путин марқұм Синдзо Абэнің жұбайы Акиэ Абэмен де жеке кездесу өткізген. Нұрсұлтан Назарбаев Жеңістің 80 жылдығына арналған шараларға шақырылған еді, алайда объективті себептерге байланысты ресми күндері қатыса алмады және Мәскеуге кейінірек барды. Ол Қазақстанда тұрып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Елден кетті деген ақпарат шындыққа жанаспайды, – деп түйіндеді Үкібай.