Жаңалықтар

Мемлекеттің ақшасы қайда кетіп жатыр?

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) ел бюджетінен бөлінген қаржының қаншалықты тиімді жұмсалғанын тексеріп, жаға ұстатарлық мәлімет жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Аудиторлар еліміздегі 24 мекемеде жүргізілген 4 ірі тексерістің нәтижесінде жалпы көлемі 5,9 трлн теңге болатын мемлекеттік қаражат пен операцияларды қамтып, 355 млрд теңгеге жуық заңбұзушылықты анықтаған. Анықталған бұзушылықтардың ішінде ең ауқымдысы – 287,6 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуы. Яғни, мемлекеттік ресурстар нәтижесіз бағыттарға кетіп, халықтың салығынан жиналған қаржы нақты нәтиже бермейтін жобаларға бөлінген. Бұдан бөлек, 64,6 млрд теңге көлеміндегі заңбұзушылық бюджет жоспарлауының өзінде орын алған, бұл болса мемлекеттің қаржы стратегиясында жүйелі кемшілік бар екенін аңғартады. Ал 3,3 млрд теңге тікелей қаржылық заңбұзушылықтарға қатысты. Оның ішінде 1 млрд теңгесі тексеруден кейін бірден бюджетке қайтарылған. Жоғары аудиторлық палата Үкіметке 32 ұсыным жолдап, тексерілген мекемелерге 159 нақты тапсырма берген. Бұл тапсырмалар толығымен орындалғанға дейін ЖАП тарапынан бақылауда болады. Жыл соңына дейін тағы 30 аудит жүргізу жоспарланып отыр. Демек, анықталған заңбұзушылықтар тізімі әлі де ұзаруы мүмкін. Айта кетейік, бұған дейін палата 2024 жылы 371 млрд теңгенің игерілмей қалғанын мәлімдеген еді. Бұл – ел қаржысының жыл сайын тек тиімсіз емес, мүлде қолданылмай босқа қалатынын көрсетеді. Сондықтан аудиторлар 2026 жылдан бастап білім беру, денсаулық сақтау және қаржы салаларындағы квазимемлекеттік ұйымдарды қаржыландыру талаптарын қатайту қажеттігін көтеріп отыр. ЖАП-тың бұл ескертулері мемлекет қаражатын басқаруда түбегейлі реформа қажет екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Барлық жаңалық