«Мемлекет дін атын жамылған секталарға тыйым салуы қажет. Сақал қойып, бетін тұмшалағанның бәрі діннің өкілі емес. Әлеуметтік желіде уағыз айтуға заңмен тыйым салатын уақыт келді. Әркімнің «мен мықты теологпын» деп аузына келгенін айтып, аудиториядан лайк жинап, хайп жасауына шектеу енгізуіміз керек. Қазір біз жол таба алмай жүрміз. Халықтың басын біріктіре алмай жүрміз. Себебі, бізде руханият жоқ». Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, деп хабарлайды Ozgeris.Info ALASH.KZ ұлттық порталына сұхбатына сілтеме жасап.
САҚАЛ ҚОЙЫП, БЕТІН ТҰМШАЛАҒАННЫҢ БӘРІ ДІННІҢ ӨКІЛІ ЕМЕС
— Парламенттің осы шақырылымында бұл мәселе жөнінде бірнеше рет депутаттық сауал жолданды. Жұмыс топтарында, басқа да алаңдарда әріптестеріміз осы мәселені көтеріп жүр. Шынында да, бізде дін мәселесінде солқылдақтық бар. Оны мойындауымыз керек. Біз адамның өзінің конституциялық еркіндігі деп кейде артық қыламыз деп, тыртық қылып жүрміз. Мемлекет басында осы мәселемен айналысатын тиісті мемлекеттік органдар — ұлттық қауіпсіздік комитеті, құқық қорғау органдары біріншіден, дін – ол ғылым екенін түсінуі керек. Екіншіден, киім киіп, сақал қойып, бетін тұмшалағанның бәрі діннің өкілі емес. Ол – діннің бір атрибуттары ғана, негізгі өзегі емес, — деді Еділ Жаңбыршин.
МЕМЛЕКЕТ ДІН АТЫН ЖАМЫЛҒАН СЕКТАЛАРҒА ТЫЙЫМ САЛУЫ ҚАЖЕТ
— Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміз, ата-бабаларымыз ұстанған дін жолы бар. Ол – ислам діні. Біздің мәзһабымыз бар. Сенімдегі өзіміздің имамымыз бар. Ол біздің тарихымыздан белгілі. Сол себепті, көп затты ойлап немесе қолдан жасап, біздің ұлтымызға қажет емес дүниелерді сырттан әкеліп, ендірудің керегі жоқ. Әрине оның бәрі сырттағы күштердің біздің елдің ішін ыдырату үшін жасап отырған өздерінің саясаты екені түсінікті. Біздің мемлекет, оның ішінде Парламент болсын, Үкімет болсын, құқық қорғау органдары болсын, Президент әкімшілігі болсын, сырттан келіп жатқан дін атын жамылған әр түрлі секталарға тыйым салуы қажет. Еліміздің қауіпсіздігін өзіміз қорғауымыз керек. Біздің қауіпсіздігімізді ешкім келіп, бізге жасап бермейді. Сондықтан көршілеріміздің істеп жатқан істерінің бәрі құптарлық деп ойлаймын, — дейді Мәжіліс депутаты.
САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ ТАЛҚАНДАП, ИСЛАМ АТЫН ЖАМЫЛЫП СОҒЫСАТЫН БҰЛ КҮШТЕР — ДІН ЕМЕС
— Әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді талқандап, жастарымызды басқа бір бағытқа алып кетіп, оларды әр түрлі террорлық, экстремистік топтарға тартып, соғыс ашып, тіпті өзін жарып, басқа елде ислам атын жамылып соғысатын бұл күштер – дін емес. Дін саясатпен айналысып кететін болса, ол дін емес. Діннің негізгі мақсаты – адамның жүрегін тазалау. Адамның жүрегінде «жақсы», «жаман», «сауап», «күнә» және т.б. да кәсіби ғылыммен түсіндіре алмайтын рухани процестер бар ғой. Оны дін түсіндіреді. Мұны метафизика дейді. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың, Шәкәрім, Абайлардың, Әбубәкір Кердерінің, Бекет аталардың ұстанған жолы біздің нағыз өзіміздің дұрыс дін, бағытымыз деп есептеймін. Бұл жерде діннің негізгі мақсаты – адамды рухани жетілген, иманы мықты, кемел адам қылып шығару. Осы рухани ілімді біз жастарға насихаттап, мемлекеттің саясаты қылуымыз керек. Сонда біз сырттан келген жат ағымдарға тосқауыл қоя аламыз, біздің халықтың иммунитеті пайда болады. Осының уақыты келді деп есептеймін, — дейді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
ПІКІР ЖАЗУ