💰 Экономика

Қытай Қазақстанға 6,5 млрд юань бермек

Қазақстан Қытаймен стратегиялық инвестициялық әріптестігін тереңдетуге кірісті. Жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов Қытайдың ең ірі қаржы институттарының бірі – Industrial and Commercial Bank of China (ICBC) басқарма төрағасы Лю Цзюньмен кездесіп, ұзақмерзімді қаржыландыру мен бірлескен жобалар мәселесін талқылады. Нәтижесінде тараптар 6,5 млрд юаньға дейінгі инвестиция тарту жөнінде уағдаласты, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Кездесуде Қазақстан Үкіметінің шетелден капитал тартуға мүдделі екені тағы бір мәрте расталды. Олжас Бектенов өз сөзінде Қытайдың еліміз үшін сауда-экономикалық және инвестициялық тұрғыда басты серіктес екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ел экономикасына тікелей инвестиция тарту бойынша нақты тапсырмалар берген. Бұл ретте ICBC-пен серіктестік – осы бағыттағы маңызды басымдықтардың бірі.

Премьер-министр Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген байланысты ерекше атап өтті. 

«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас – қос тарап көшбасшыларының өзара сенімді байланысына негізделген. Біз ICBC-пен ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті дамытуға дайынбыз. Жаңа бастамалар қаржы-экономикалық байланысты нығайтып, ортақ дамудың жаңа көкжиектерін ашады»,  деді.

Қазір  Қытай Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициялар көлемі бойынша алғашқы бес инвестордың қатарына енеді. Жалпы, инвестиция көлемі 26 млрд долларға жеткен. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткіш 44 млрд долларға дейін өсті. Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш тағы 3,4 пайызға артқан.


ICBC Қазақстанда Алматыда орналасқан «Қытай өнеркәсіптік-сауда банкі» АҚ еншілес ұйымы арқылы жұмыс істейді. Банк еліміздің даму институттарымен, оның ішінде «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылдың наурыз айында ICBC Аграрлық несие корпорациясын қаржыландыру үшін 430 млн юань көлемінде несие тартқан. Бұл қаражат агросекторды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бүгінде банк Өнеркәсіпті дамыту қорына 1 млрд юань көлемінде несие тарту бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Қытайдың ішкі нарығында 5 млрд юаньға дейін облигациялар шығару мәселесі қарастырылып жатыр. 

Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстан Үкіметі жасыл қаржыландыру, өнеркәсіп, инфрақұрылым және экспорт бағыттарындағы бірлескен жобаларға ашық. Бұл бастамалар еліміздің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, өңірлік деңгейде де маңызды серпін береді.

Өз кезегінде ICBC төрағасы Лю Цзюнь Қытай тарапының ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржы-экономикалық байланыс кейінгі жылдары жаңа қарқын алып келеді, ал бизнес өкілдері арасындағы тікелей байланыс бұл серіктестікті сапалық жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

 

Барлық жаңалық