Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысында, әсіресе Ақтау қаласында өсіп жатқан айлант (Ailanthus altissima) ағашына қатысты алаңдаушылық күшейді. Кейбір жазбаларда оны «тозақ ағашы» деп атап, адам денсаулығына қауіпті екенін, айналасындағы өсімдіктерді құртып жіберетінін, тіпті Қытайдан әдейі әкелінгенін айтып жатыр. Алайда ғылыми зерттеулер бұл мәселеге эмоциямен емес, дерекпен қарауға шақырады. Ozgeris.info тілшісі аталмыш мәселені толық зерттеп көрді.
Расында айлант – әлемдегі ең агрессивті инвазиялық ағаштардың бірі. Бірақ әлеуметтік желілерде айтылып жүрген кейбір мәлімдемелер дәлелденбеген. Десе де, Мэтт Маттус есімді бағбан бұл ағашты ең қауіпті инвазиялық ағаш түрлерінің бірі деп атайды. Бір ғана өсімдік 300 мыңға дейін тұқым шашып, тамыр жүйесі мен жас өркендері арқылы да қарқынды көбейеді. Оның айтуынша, айлант бір рет тамыр жайып алған соң, одан толықтай құтылу өте қиын екен.
Айлант деген қандай ағаш?
Айлант (Ailanthus altissima) – табиғи таралу аймағы Қытайдың солтүстігі мен орталығында өсетін ағаш. XVIII-XIX ғасырларда сәндік ағаш ретінде Еуропаға, кейін Солтүстік Америкаға және басқа құрлықтарға кеңінен енгізілген. Бастапқыда құрғақшылыққа төзімділігі, тез өсуі және қала жағдайына бейімділігі үшін жоғары бағаланған. Бірақ бірнеше онжылдықтан кейін оның экожүйеге тигізетін зияны анықталды. Бүгінде көптеген елдер оны әлемдегі ең қауіпті инвазиялық өсімдіктердің бірі деп есептейді.
Неге оны «Тозақ ағашы» деп атайды?
Ағылшын тілінде бұл ағаштың негізгі атауы Tree of Heaven («Жұмақ ағашы»). Алайда табиғатты қорғаушылар мен бағбандар кейіннен оны әзіл-шыны аралас Tree of Hell («Тозақ ағашы») деп атай бастады. Өйткені ол тез өсіп, тамырынан жүздеген өркен шығарады. Сондай-ақ кессең де, өсуін тоқтатпайды. Ғалымдардың айтуынша айналасындағы басқа өсімдіктердің өсуін тежейді. Сол себепті оны толық жою мүмкін емес деседі. Сондықтан «Тозақ ағашы» ғылыми атау емес, халық арасында қалыптасқан бейресми атау ғана.
Айлант басқа ағаштарды шынымен құрта ма?
Бұл – әлеуметтік желідегі ең көп талқыланып жатқан сұрақтардың бірі. Ғалымдардың жауабы – «иә», белгілі бір деңгейде рас. Айланттың тамыры мен қабығында айлантон (ailanthone) деп аталатын аллелопатиялық химиялық зат болады-мыс. Бұл жас көшеттердің өсуін тежеп, басқа өсімдіктердің тұқымының өнуін баяулатады. Айналасында айланттың ғана өсуіне жағдай жасайды. Ғылыми тәжірибелерде айланттың топыраққа бөлетін қосылыстары көптеген ағаштар мен шөптердің қалыпты дамуына кері әсер ететіні дәлелденген. Сондықтан ол табиғи биоалуантүрлілікті азайтатын инвазиялық түр ретінде қарастырылады.
Адам денсаулығына зияны бар ма?
Әлеуметтік желілерде «улы ағаш», «қасында жүруге болмайды» деген пікірлер көп. Ғылыми деректер бұл мәселеде біршама сақ тұжырым жасайды. Гүлдеу кезінде тозаңы кейбір адамдарда аллергия туғызуы мүмкін деседі. Сонымен қатар қабығы мен шырыны сезімтал адамдардың терісін тітіркендіруі ықтимал және өте сирек жағдайда ұзақ уақыт ағаш шырынымен жұмыс істеген адамдарда қабыну реакциялары тіркелген. Ал кейбір зерттеулер атопиялық аллергиясы бар адамдарда айлант тозаңына сезімталдық кездесетінін анықтаған.
Әлеуметтік желілерде Ақтаудағы айлант ағаштарын құрту керек деген видеолар тарап кетті. Алтынай Самиғолла есімді блогер айлант, тораңғы ағаштары туралы айтып, дабыл қағуда. Бірақ Ақтау тұрғындары үшін айлант жаппай улануға себеп болып жатыр деген ғылыми дәлел жоқ. Себебі көшеде өсуінің өзі халық денсаулығына тікелей қауіп төндіреді деген қорытынды жасалмаған. Демек қауіп негізінен аллергияға бейім адамдар үшін өзекті.
Әлемнің көптеген елдері бұл ағашпен неге күресіп жатыр?
Айланттың басты мәселесі – адам емес, табиғатқа әсері. Ол жергілікті ағаштарды ығыстырады, экожүйені өзгертеді, жол жиегін, бос жерлерді тез басып алады, ғимараттардың іргетасы мен инженерлік желілерге дейін еніп кетуі мүмкін. Сондықтан Еуропада оны ерекше бақылауға алған. Еуропалық Одақ (Invasive Alien Species of Union concern) айлантты Одақ үшін алаңдаушылық туғызатын инвазиялық бөгде түрлердің ресми тізіміне енгізген. Бұл ағашты әдейі отырғызуға, сатуға, таратуға болмайды; Сонымен бірге АҚШ-тың көптеген штаттары, Канада, Австралия және Жаңа Зеландияда да айлантпен күрес жүргізіледі, себебі ол жергілікті өсімдіктерге қауіп төндіретін инвазиялық түр ретінде қарастырылады.
Ақтаудағы ағаштар Қытайдан әкелінді ме?
Әлеуметтік желілердегі ең даулы сұрақ осы. Қазіргі уақытта мұны дәлелдейтін ресми құжат немесе мемлекеттік органның мәлімдемесі жарияланған жоқ. Айланттың тарихи отаны – Қытай екені рас. Жалпы Азияда кең таралған. Бірақ Ақтауда өсіп тұрған нақты ағаштардың дәл қазір Қытайдан әкелінгенін растайтын дерек жоқ. Олар бірнеше жыл бұрын отырғызылған болуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша жергілікті әкімдік пен көгалдандыру мекемелерінің ресми түсіндірмесінсіз шу шығарудың қажеті жоқ.
Неге дәл қазір дабыл қағылып жатыр?
Сарапшылардың пікірінше, бұған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Біріншіден, соңғы жылдары әлемде инвазиялық өсімдіктерге қатысты ғылыми зерттеулер көбейді. Екіншіден, климаттың жылынуы айланттың жаңа аймақтарға таралуына қолайлы жағдай жасап отыр. Үшіншіден, Ақтауда соңғы жылдары бұл ағаштың саны көбейгенін тұрғындардың өздері байқай бастаған. Төртіншіден, әлеуметтік желілер мәселені жылдам таратып, қоғам назарын аударды. Қазіргі алаңдаушылық ғылыми зерттеулердің көбеюімен де, тұрғындардың күнделікті бақылауымен де байланысты.
Ақтаулықтар не істеуі керек?
Егер аймақта айланттың шамадан тыс көбейгені рас болса, экологтар мынадай шараларды ұсынады:
- қаладағы барлық айланттарды түгендеу;
- -олардың таралу картасын жасау;
- - ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға таралуын бақылау;
- - жаңа көшеттерді отырғызуды тоқтату;
- - кесу жұмыстарын ғылыми әдіспен жүргізу, өйткені жай кесу мәселені шешпейді, тамырдан қайта өсіп шығады;
- - көгалдандыруда жергілікті ағаш түрлеріне басымдық беру. Ал аллергиясы бар тұрғындарға гүлдеу кезеңінде дәрігер кеңесіне жүгініп, тозаң мөлшері жоғары күндері сақтық шараларын сақтау ұсынылады.
Ғылым не дейді?
Ғылыми қауымдастықтың бүгінгі ұстанымы біршама айқын. Айлант - әлемдегі ең агрессивті инвазиялық ағаштардың бірі. Ол биоалуантүрлілікке қауіп төндіріп, басқа өсімдіктердің өсуін тежейтін химиялық заттар бөледі. Жоғарыда айтып кеткендей кейбір адамдарда аллергиялық реакция тудыруы мүмкін.Бірақ оны «улы ағаш», «адамдарды жаппай ауруға шалдықтырады» немесе «Ақтау тұрғындарына тікелей қауіп төндіріп жатыр» деуге ғылыми негіз жеткіліксіз. Сондықтан мәселені үреймен емес, ғылыми мониторинг пен экологиялық бағалау арқылы шешу маңызды.
Мәселені ақылмен шешу керек!
Маңғыстаудағы айлант төңірегіндегі пікірталас – әлеуметтік желідегі кезекті ақпараттық толқын ғана емес. Оның астарында экологиялық қауіпсіздік, қала көгалдандыруының сапасы және инвазиялық өсімдіктерді басқару мәселесі жатыр. Айланттың табиғатқа әсері жөнінде ғылыми дәлелдер жеткілікті болғанымен, оның Ақтау тұрғындарының денсаулығына жаппай қауіп төндіріп отырғаны туралы нақты ғылыми немесе ресми қорытынды әзірге жоқ. Сондықтан бүгінгі басты міндет – қауесетке емес, ғылыми зерттеулерге, жергілікті экологтардың мониторингіне және мемлекеттік органдардың ашық ақпаратына сүйене отырып шешім қабылдау. Егер Маңғыстауда немесе басқа қалалардаайланттың таралуы шынымен бақылаудан шықса, оны уақытында басқару ертеңгі экологиялық шығынның алдын алатын маңызды қадам болмақ.