Жаңалықтар

Командирлердің қысымы және салғырттығы: Сарбаз Оспановтың өліміне кімдер кінәлі?

Командирлердің қысымы және салғырттығы: Сарбаз Оспановтың өліміне кімдер кінәлі?

Бас әскери прокуратура Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қаңтар айында орын алған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық істі тергеуді тәмамдады. Сарбаз Оспановтың өліміне қатысты жүргізілген тексеріс барысында әскери бөлімдегі жүйелі заңсыздықтар мен әлімжеттік фактілері анықталды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, батальон және взвод командирлері өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, жарғыдан тыс қарым-қатынасқа бірнеше рет жол берген. Атап айтқанда, қаза болған сарбаз бен оның тағы алты әріптесіне тұрақты түрде психологиялық қысым көрсетілгені дәлелденді. Сонымен қатар, взвод командирі қару-жарақты сақтау тәртібіне бақылау жасамаған және өз міндеттеріне атүсті қараған.

Қабылданған шаралар:

  • Әскери бөлім командирі мен оның екі орынбасары қызметінен босатылды;

  • Тағы 9 лауазымды тұлға қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды;

  • Іс «Билікті асыра пайдалану» және «Қызметке салғырт қарау» баптары бойынша сотқа жолданды.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың 23 қаңтарында мерзімді әскери қызметкер қарауылда тұрған кезінде өзіне бекітілген қарудан оқ атып, оқиға орнында тіл тартпай кеткен болатын. Алғашында бұл жағдай жай ғана суицид ретінде көрінгенімен, прокуратураның жедел әрекеті мен жүргізілген сараптамалар нәтижесінде сарбазды мұндай қадамға итермелеген нақты адамдар мен жағдайлар анықталды.

Қазіргі таңда сот процесі басталмақ. Құзырлы органдар бұл істің ашықтығы мен кінәлілердің әділ жазасын алуын бақылауда ұстап отыр.

Барлық жаңалық