Жаңалықтар

Каспий құбыры арқылы 1 миллиард тонна мұнай тасымалданады

2025 жылдың қазан айында Каспий құбыры арқылы тасымалданған мұнай көлемі 1 миллиард тоннаға жетеді. Бұл туралы Каспий құбыры консорциумының (КҚК) бас директоры Николай Горбань Премьер-министр Олжас Бектеновпен кездесу барысында айтты, деп жазады Ozgeris.info.

Консорциум мұнай өткізу қуатын 67 миллион тоннадан 81,5 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде Қазақстан аумағынан өтетін мұнай көлемі 53,7 миллион тоннадан 72,5 миллион тоннаға дейін өседі. Кездесуде «ҚазТрансОйл» АҚ пен КҚК арасындағы ынтымақтастық мәселесі қаралды. Тараптар Т.Қасымов атындағы мұнай айдау станциясын жаңа құбыр арқылы консорциум жүйесіне қосуды жоспарлап отыр. Каспий құбыры Қазақстан мұнай өнеркәсібі үшін негізгі экспорттық бағыт саналады. Қазір елде өндірілетін мұнайдың шамамен 80 пайызы осы құбыр арқылы шетелге жеткізіледі. 2024 жылдың қысында Ресей аумағындағы «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына шабуыл жасалды. Станция үш ай бойы жұмыс істемеді. Мамыр айының соңында оның қызметі қайта жанданбақ.
Барлық жаңалық