🏛️ Саясат

Инвестициялар және инфрақұрылым: Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес отырысын өткізді

Инвестициялар және инфрақұрылым: Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес отырысын өткізді

Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды ozgeris.info. 

Жиында инвестициялық жобалардың орындалу барысы, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бойынша жұмыс қарқыны, сондай-ақ құқықтық экожүйге қатысты мәселелер және сапалы адами капиталды қалыптастыру тәсілдері талқыланды. 

Отырысты ашқан Премьер-министр Президенттің Alatau City-ді дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Алатау қаласын ұзақмерзімді экономикалық дамудың жаңа орталығы ретінде белгілеп, жұмыс барысын тікелей өзі қадағалап отыр.

Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында қала дамуының негізгі қағидаттары да қамтылды. Елімізде арнайы құқықтық режимдердің пайда болуы Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық мүдделеріне сай әрі инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Алатау қаласын дамыту – бұл ерекше мәртебеге ие, жеделдетілген дамудың заманауи цифрлық қаласын құруға бағытталған инновациялық шешім, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұл ретте елімізде арнайы құқықтық режимдердің пайда болуы елдің әкімшілік-аумақтық құрылымына әсер етпейтіні баса айтылды. Аумақтың тұрақтылық принципі сақталады әрі маңызды болып қала береді, бұл оның жаңа Конституция жобасының бірінші бөлімінде – «Конституциялық құрылым негіздерінде» бекітілуімен дәлелденеді.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қазіргі уақытта Парламентте «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қаралуда.

Институционалдық база құрумен қатар инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастыратын және қала экономикасының өсуіне жаңа серпін беретін жүйе құраушы жобаларды іске қосу бойынша практикалық жұмыс жүргізілуде. Басым бағыттар қатарында қаланың сәулеттік-іскерлік өзегі ретінде Iconic Complex көпфункционалды кешенін және жоғары білікті мамандар даярлайтын әрі озық технологияларды дамыту орталығы ретінде KAIST Kazakhstan технологиялық университетін салу жобалары бар.

Жалпы инвестициялық портфель өнеркәсіп, логистика, агроөңдеу, қызмет көрсету және креативті индустрия салаларындағы жалпы көлемі шамамен 1,8 трлн теңге болатын 44 жобадан тұрады. Оларды жүзеге асыру 30 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және Alatau City тұрақты экономикалық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударылды. Бірқатар бағыт бойынша жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда:

энергиямен қамтамасыз ету — «Арна» қосалқы стансасының құрылысы 220/110 кВ, 6 қосалқы стансаны жобалау;

сумен жабдықтау және су бұру – «Ынтымақ» су тоғанының қуатын кеңейту, үш су тоғанының құрылысы, ағын суды тазарту стансасы және су таратушы коллекторлар салу;

газбен қамту – «Gate City-1» жаңа автоматтандырылған газ тарату стансасының (АГТС) құрылысын жобалау, Жетіген АГТС құрылысын аяқтау;

жол инфрақұрылымы – Growing және Gate District-ке жол өтпесін салу бойынша құжаттама әзірленуде және EPC-F келісімшарттары шеңберінде Golden District-те жол өтпесін және инженерлік желілері бар жол салу көзделген.

Барлық жаңалық